Екінші турда Қазақстанды ұтқан Беларусь өз ойынын тапқан сыңайлы. Олай дейтініміз кезекті бәсекеде алаң иелері 4:3 есебімен Швейцариядан басым түсті. Біздің топтағы тағы бір матчта Ресей құрамасы 6:1 есебімен АҚШ ты тізе бүктірді. Үш кездесуден кейін тоғыз ұпай жинаған Ресей «В» тобында жеке-дара көш бастап тұр. Чемпионатты сылбыр бастаған Словакия үшінші турда тағы да жеңіліс тапты. Бұл жолы олар 3:5 есебімен Францияға жол берді.
Қазақстандық дзюдошы Максим Раков халықаралық«Үлкен дулыға» турнирінің жеңімпазы атанды. Бакудегі жарыстың ақтық сынында жерлесіміз әзербайжандық палуан Эльхан Мамадовтан мерейін асырды.
Англия премьер лигасының биылғы чемпионы соңғы турда белгілі болды. Мәртебелі атаққа өз алаңында «Вест-Хэмді» ұтқан «Манчестер-Сити» лайық болып шықты.
Шешуші матчтағы алғашқы допты кездесудің 39- минутында Самир Насри соқты. Оның шамамен 20-метр қашықтықтан шірене тепкен добы қақпаның алыс төменгі бұрышынан табылды. Мұнымен шектелмеген алаң иелері екінші таймның басында таблодағы есепті еселей түсті. Бұрыштан берілген доп үшін таласта ептілік танытқан Винсент Компани, Манчестердегі матчқа нүкте қойды. Премьер лиганың күміс жүлдесін соңғы турда «Ньюкаслды» ұтқан «Ливерпуль» иеленді. Бұл ойын 2:1 есебімен аяқталды. Биылғы үздік үштікті «Челси» түйіндеді.