СПОРТ ЖАҢАЛЫҚТАРЫ

Бразилия  бірінші футбол чемпионатын 1950 жылы қабылдап, ақтық сында 1:2 есебімен Ургвайға есе жіберді.  Осы матчқа 173 мың 850 билет сатылған.  Бірақ  ойынды тамашалауға жиналған көрермендердің жалпы саны 200 мыңға жетіп жығылған.  Бұл -абсолюттік рекорд. 20-шы әлем чемпионатының шымылдығы бүгін Сан-Паулудағы «Коринтианс Арена» стадионында түріледі. Турнирдің беташар бәсекесінде  алаң иелері Бразилия мен Хорватия құрамасы кездеседі. «Отыз күн ойын, қырық күн тойға» ұласатын мундиальға төгілген қаржы да қыруар.  Чемпионатты өткізуге 11 млрд. доллар жұмсалған. 

 

«Критериум дю Дофиненің» төртінші кезеңінде «Астананың» лидері Винченцо Нибали  жоғары орыннан көріне алмады. 168 шақырымды құраған жарыс жолында италиялық шабандоз 59-шы орынды місе қылды.

Дегенмен «Астананың» намысын қорғап жүрген украйналық Андрей Гривко,  бүгінгі  бәсекеде үздік ондықтың қатарынан орын тепті. Бас бәйгені ресейлік Юрий Трофимов иеленсе, швед Густав Ларссон екінші, ал голландиялық Пим Лигтарт мәре сызығын үшінші қиды.  Жалпы есепте әлі де британиялық Крис Фрум көш бастап тұр. Одан 12 секунды кем Альберто Контадор әзірге екінші орында .  «Астананың» капитаны Винченцо Нибали бұл тізімде әзірге алтыншы.  Ол сары жейде киген Крис Фрумнан 50 секундқа қалып келеді.    

 


Шайбалы хоккейден Стэнли кубогы жолында “Нью-Йорк Рейнджерс” алғашқы жеңісіне қол жеткізді. Финалдық серияның төртінші матчында “Лос-Анджелесті” қабылдаған рейнджерлер  2:1 есебімен жеңіске жетті.

Айдын иелері бірінші кезеңде Бенуа Пуйоның көмегімен есеп ашты. Үзілістен кейін Мартин Сан-Луи “Нью-Йорк” хоккейшілерінің екінші шайбасын соқты. Қонақтар тек Дастин Браунның нәтижелі шабуылымен ғана жауап берді. Қортынды есеп 2:1 “Нью-Йорктың” пайдасында. Төрт жеңіске дейін жалғасатын серияда әзірге “Лос-Анджелес” 3:1 есебімен алда тұр. Енді бұл сериядағы бесінші кездесу 13-ші маусымда өтпек.