Спорт жаңалықтары

Астанадағы «Қазанат» ипподромында қазақтың ұлттық спорты аударыспақтан тұңғыш Азия чемпионаты мәресіне жетті. Сегіз мемлекеттің тақымы мықты ұландары сайысқан додада қазақ жігіттері үздік шықты.

70 келіде ел намысын қорғаған құрыш білекті бауырымыз Ермек Жәпішев ақтық жекпе-жекте  қытайлық қандасымыз Қуаныш Ахатты ұтты. 90 келідегі шешуші кездесуде  моңғолиялық бауырмыз Нұрболат Ережеп пен жерлесіміз Сырым Ізбасаровтың жолы түйісті. Мұнда да қазақстандық шабандоз басымдық танытты. Ал аса ауыр яғни 90 келіден жоғары салмақ дәрежесінде  Қазақстан құрамасының алыбы Біржан Қосалиев чемпион атанды. Біржан бас бәйге үшін болған тартыста қырғыз Нұрлан Молдақұловқа дес бермеді. Аударыспақтан Азияның келесі чемпионатын  2016 жылы Қытай елі қабылдайды.

 


«Сан Антонио» бесінші рет Ұлттық баскетбол қауымдастығының чемпиондық атағын жеңіп алды. Ақтық серияда   «Майами Хитпен» тартысқа түскен  «Сан-Антонио»  4:1 есебімен жеңіске жетті.

Команданың бірі  төрт рет ұтқанша  жалғасатын сериядағы соңғы матч Сан Антониода өтті.  Матчтың алғашқы кезеңін сылбыр өткізген алаң иелері, кездесудің қалған бөлігінде қонақтарға дес бермеді. Қорытынды есеп 104:87.  Бүгінгі жеңіске  22 ұпай жинаған Кавай Леонард пен 19 ұпай еншілеген Ману Жинобили ерекше үлес қосты. «Майами Хиттің» қос жұлдызы Леброн Джеймс пен  Тони Паркер де  аянып қалған жоқ. Бірақ олардың табысы командалық жеңіс үшін аздық етті.  Леброн Джеймс  31 , ал Тони Паркер 16 ұпай жинады.