Спорт жаңалықтары

Мексикалық аяқдоп шеберлері өз тобындағы соңғы матчта Хорватияны қапы қалдырды. Ал, Мексика мен Голландияға жол берген  Испания  үшінші турда  Аустралияның қақпасына жауапсыз үш доп соқты. Кездесудің 36- минутында Давид Вилья алғашқы голды салса, екінші таймның ортасында  Фернандо Торрес мергендікті танытты.  Ірі жеңісті түйіндеген үшінші гол Хуан Матаның есебінде. Сонымен Испания топтық бәсекені үшінші орынмен аяқтаса,  жеңілістен көз ашпаған Аустралия көш соңында қалып қойды. Не керек соңғы турдағы жеңіспен өздерін жұбатқан экс-чемпиондар мундиальмен қоштасты.

 

Бүгін  «Д» және «С» тобында соңғы турдың ойындары өтеді.  «Д» тобында  дара шыққан  Коста-Рика,  плей-оффтан күдер үзген  Англиямен ойнайды. Осы топтағы екінші жолдама үшін  Италия мен Уругвай  таласқа түседі.

Ә дегеннен Уругвай мен Италия  жер қаратқан Коста-Риканың алысқа шабатын түрі бар.    Англиямен өтетін матчта  олар қандайда бір мақсатты көздемейтін анық.  Ал  екінші жолдаманың мәселесі шешілетін Италия мен Уругвай  арасындағы бәсеке қызыққа толы болғалы тұр. «С» тобындағы жағдайда осындай. Екі ойыннан алты ұпай жиған Колумбия плей-оффқа аяқ басса,  екінші жолдамадан қалған үш команда да үмітті.  Бүгін  Жапония  Колумбиямен ал , Грекия –Кот-д Ивуармен кездеседі. 

 


Қазақстандық теннисші Андрей Голубев Уимблдонның алғашқы айналымнан әріге бара алмады. Ә дегеннен әлемнің екінші ракеткасы серб Новак Джоковичке тап болған жерлесіміз дүбірлі додадан шығып қалды.

Бірінші сетте 0:6 есебімен таза ұтылған Голубев,  қалған екі кезеңде 1:6 және 4:6 есебімен есе жіберді.  Енді Новак Джокович екінші айналымда чех Радек Штепанекпен кездеседі.  Уимблдонның былтырғы жеңімпазы  британиялық Энди Маррэй,  алғашқы ойында бельгиялық Давид Гоффеннен айласын асырды. Үш сеттегі бәсекенің нәтижесі 6:1, 6:4, және 7:5.  Келесі айналымда  Британияның үздік теннисшісі словениялық Блаж Роланы сынаққа алады. Турнирге алтыншы нөмірмен терілген чех Томаш Бердых, румын Виктор Ханескуден басым түсті.  Ол келесі жолы аустралиялық Бернард Томичпен күш байқасады.