Спорт жаңалықтары

Алғашқы минуттан шабуылда ширақ ойнаған астаналықтар 12-ші минутта есеп ашты. Айып алаң ішінде Таңат Нөсербаевқа қарсы тәртіп бұзылған болатын. Төреші пенальти беріп қана қоймай, “Хапоэль” ойыншысына қызыл қағаз көрсетіп алаңнан қуды. Қалған уақытта салы суға кеткен қонақтар мардымы ойын көрсете алған жоқ. Ал екінші таймда Таңат Нөсербаев пен Абзал Бейсебеков бір-бір голдан тоғытып, өз командасына ірі жеңіс сыйлады. Ал Алматыда данияның “Эсбьерг” командасын қабылдаған “Қайратта” жеңіске жақын болған. Алайда Йосип Кнежевичтің пенальтиден соққан добына, қонақтар соңғы минутта нәтижелі шабуылмен жауап қайтара алды. Қортынды есеп 1:1. Сондай-ақ тең есеп  литваның “Атлантас” және “Шахтер” арасында тіркелді. Мұндағы есеп 0:0.

 

Германия ұлттық құрамасының ойыншысы әрі капитаны Филипп Лам бас командамен қош айтысты. 10 жыл бойы ұлттық құраманың тас қамал қорғаушысы болған 30 жастағы футболшы өз орнын жастарға бермек.

Бұл шешімді ол бір жыл көлемінде жоспарлап жүріпті. Германиямен бірге әлем чемпионатын жеңгеннен кейін Лам дәл осындай шешім қабылдапты. 2004-ші жылдан бері ұлттық құрама сапында 100 ден астам матч өткізген ол  тәжірибелі шебер. Филип Лам бес дүркін Германия чемпионы, Чемпиондар лигасының жеңімпазы, УЕФА супер кубогының иегері, сондай-ақ әлем чемпионы деген мәртебелі атаққа ие. Ұлттық құраманы босатқан ол енді мюнхендік “Баварияда” өнер көрсетуін жалғастырады.

 


Мәртебелі көпкүндік супер велодода “Тур де Франстың” 12-ші кезеңі артта қалды. Бұл жолы шабандоздар 185 шақырымдық жарыс жолын бағындырған.

Бурк-ан-Брес пен Сент-Этьен арасындағы бұл кезеңде спринтерлер өзара кім мықтыны анықтады. Нәтижесінде ресейлік “Катюша” командасының норвегиялық шабандозы Александр Кристофф мәреге бірінші жетті. Онымен үзеңгі қағыстырып келген Питер Саган екінші нәтиже көрсетсе, үшінші орын Арно Демарға тиесілі. Жалпы есепте “Астана” командасының лидері Винченцо Нибали көш бастап тұр. Австралиялық шабандоз Ричи Порт пен Алехандро Вальверде тиісінше екінші үшінші орында.