Спорт жаңалықтары

Владимир Газзаев шәкірттері қазір негізгі құрамның белді ойыншыларымен маңызды матч алдында соңғы дайындықтарын пысықтап жатыр.

Ақтөбеде 2:2 есебімен тең тарқасқан командалар плей-офф жолдамасын сарапқа салады. Яғни қазақстандық клуб қос ойын нәтижесі бойынша келесі кезеңге өтсе, кем дегенде Еуропа Лигасының топтық кезеңінде өнер көрсетеді. Десе де қарсылас осал емес. «Стяуа» Еурокубокта ысылған азулы команда. Бухарестік клуб басшылығы егер румындар Чемпиондар Лигасының топтық кезеңіне шықса әр футболшыға бір жылдық сыйақы беруге уәде берген. «Стяуа» мен «Ақтөбе» арасындағы матч Астана уақытымен түнгі сағат 23:00 де басталады.   

 

Қостанайлық «Тобыл» футбол клубының ойыншысы Никола Тонев өмір бойына Қазақстан Футбол Федерациясы аясындағы турнирде өнер көрсету құқынан айрылды. Македониялық ойыншы федерацияға жалған құжат бергені үшін осындай жазаға тартылды.

Бұл футболшының төңірегінде бұған дейін де дау туындаған. Ал арнайы құрылған комиссия бүгін Никола Тоневты футболдан біржола  аластату туралы шешім қабылдады. Македониялық ойыншы футбол федерациясына өзін Қазақстан азаматы екендігін растайтын төлқұжат өткізген. Арнайы сараптамадан кейін жеке куәлік жалған болып табылды. Енді бұл футболшы 500 мың теңге айып төлеу керек. Ал мұндай бассыздыққа жол берген «Тобыл» клубы да жазасыз қалған жоқ. Қостанайлық командадан ішкі чемпионатта 3 ұпай алынып, 700 мың теңге айып төлеу жүктелді.

 


«Барселона» жартылай қорғаушысы Хави -Испания құрамасындағы карьерасын аяқтады. Каталондық клубтың капитаны «Фурия Роха» жейдесінде 133 матч өткізген. Бұл қақпашы Икер Касильястан кейінгі рекорд.

Ұлттық құрамада 14 жыл өнер көрсеткен Хави: 2008, 2012-ші жылдары Еуропа және 2010-шы жылы Әлем Чемпионатының кубогын төбесіне көтерген. Арнайы баспасөз маслихатында сөз алған Хави құрамаға Висенте Дель Боске бас бапкер болып қалғанына ризашылық білдіре отырып, енді ол Испания құрамасына қатардағы жанкүйер болып қала беретінін жеткізді. Хави 2008-ші жылғы Еуропа чемпионатының үздік ойыншысы болып танылған. Ол Испанияға 44 жыл күткен кубокты әкелді. 34 жастағы талантты шебер «Барселона» сапында әлі талай кубок алары даусыз.