Ойын тізгінін уысында ұстаған Карло Анчелотти шәкіртері лайықты ойын көрсетті. Матчтың 30-шы минутында бұрыштамадан көтерілген допты қақпада тулатқан Карим Бензема. Екінші таймда қонақтар сауатты қорғанып өткір шабуылдар ұйымдастырған. Бірақ кездесудің соңғы минутында Криштиану Роналду қортынды есепті орнатты.
Көпкүндік супервелодода «Вуэльтаның» үшінші кезеңінде аустралиялық Майкл Мэттьюз топ жарды. Көк құрлық өкілі 197 шақырымды құраған жарыс жолын бірінші аяқтаса, ирландиялық Даниэль Мартин мәреге екінші келді.
Жеңімпазға жеті секунд ұтылған «Катюшаның» лидері Хоаким Родригес алғашқы үштікті түйіндеді. Отандық «Астана» клубының шабандоздары әзірге алғы лектен көрінбей жүр. Бүгінгі кезеңде ең жоғары орыннан табылған шабандозымыз Фабио Ару 29 -нәтиже көрсетті. Үш кезеңнің нәтижі бойынша суырылып алға шыққан Майкл Мэттьюз жалпы есепте көш бастап тұр. Екінші орында әзірге колумбиялық шабандоз Найро Кинтана келеді.
Бүгін төрт теннисшіміз Американың ашық чемпионатындағы алғашқы ойындарын өткізеді. Еліміздің бірінші ракеткасы Зарина Дияс украйналық Леся Цуренкоға қарсы ойнаса, Ярослава Шведова румын Моника Никулескумен күш байқасады.
Нью-Иорктегі турнирге бесінші нөмірмен терілген ресейлік Мария Шарапова алғашқы матчта өзінің отандасы Мария Кириленкоға дес бермеді. Екі сеттегі бәсеке 6:4, 6:0 есебімен аяқталды. Ресейдің үздік теннисшісі келесі айналымда румын Александар Дулгерумен сынға түседі. Уильямстердің үлкені Винус аса тартысты өткен кездесуде жапониялық Кимико Датэ-Круммнан алда болды. Екі сағатқа созылған ойынның нәтижесі 2:6,6:3,6:3.