Министр Ақтоты Райымқұлова мәдениет және спорт өкілдерінің 42 500 теңге төлемді алуға мүмкіндігі бар екенін айтты, деп хабарлайды Caravan.kz медиа-порталы Sputnik Қазақстан-ға сілтеме жасап.
"Қазір үкімет отандастарымызды қолдау үшін бұрын-соңды болмаған қаржылық көмек көрсетіп жатыр. Әрине, мемлекеттік комиссияның төтенше жағдайға байланысты хаттамасында бекітілген заңнамалық шарттар шеңберінде мәдениет және спорт өкілдері 42 500 теңге көлеміндегі көмекті ала алады", - деді министр брифингте.
Сонымен қатар төтенше жағдай кезінде мәдениет және спорт министрлігіне қарасты барлық ұйым қызметкерінің жалақысы сақталды.
"Бүгінгі таңда спорт саласында атқарған ісіне қарай жалақы алатындар бар. Қандай да бір марапатқа ие болған немесе спорттық жарыстарда жетістікке жеткен жағдайда, әрине, қосымша қаржылық көмек көрсету қарастырылған. Ал қазір мәдениет және спорт министрлігінің барлық өкілі қашықтан жұмыс істеу режиміне ауысқанына қарамастан базалық жалақысын сақтап қалғанын тағы да атап өткім келеді", - деді Райымқұлова.