Көшпенділер ойындары қыза түсті, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.
Қазақстан ұлттық құрамасының спортшылары Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының үшінші жарыс күнінде 6 алтын, 7 күміс, 8 қола жүлде жеңіп алды.
Соңғы ақпарат бойынша спортшыларымыз 69 медальмен жалпы командалық есепте көш бастап тұр. Саңлақтарымыз 27 алтын, 17 күміс пен 25 қола еншіледі. Айыр қалпақты ағайын 31 медальмен екінші орында келеді. Өзбекстан 24 медальмен үздік үштікке кірді.
Көшпенділер сайысының басты додасы - Қазақ-қырғыз шабандоздарының тартысы!
Бүгін 12 қыркүйекте Көшпенділер ойындары өтіп жатқан “Қазанат” атшабарына көкпар ойыны өтеді. Қазір жартылай финалда Түркия мен Ресей шабандоздары тартысуда. Бұдан соң көкпардың ақтық додасы - Қазақ-қырғыз сайысы!
Қос команда алтын жүлдені сарақа салатын болады.
Айта кетейік, көкпар ойындарына Қазақстан, АҚШ, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Мажарстан, Қытай, Моңғолия және Түркия сынды 9 мемлекеттің спортшылары бақ сынады.
Іріктеу кезеңінде Ресей құрама командасы мен Қытай елінің көкпаршылары бақ сынап, 4:1 есебімен ресейлік шабандоздар алға шыққан болатын.