Спортсүйер қауымның көзайым болатын шағы тек Олимпиада ғана емес

Жақында, нақтырақ айтқанда, қыркүйек айында елімізде Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтеді. Әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған ойыншылар Орталық Азияның тарихи көшпелі халықтарының ұлттық ойындарынан бақ сынайды, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.

Ауқымы бойынша Олимпиадамен иық тірестіре алмаса да Азиядағы үздік спорттық жарыстардың бірі десек, артық айтқандық болмас. Аталмыш іс-шара этноспорттық және этномәдени қозғалысты дамытуға бағытталған. ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұралар тізіміне кіреді.

Көшпенділер ойындарына келген спортшылар ат жарысы, ұлттық күрес түрлері, дәстүрлі зияткерлік ойындар, жекпе-жек, дәстүрлі садақ ату, құс салудың ұлттық түрлері, ат үстіндегі сайыстар, халық ойындары бойынша сынға түспек.

Жалпы, көшпенділер ойындары еліміз үшін туризм тұрғысынан болса да, имидждік тұрғыдан болса да оң ықпал етуі керек. Себебі осы аралықта ойындарды көруге әлемнің әр түкпірінен спортсүйер қауым жиналады жеп күтілуде.

Оның үстіне әлемдік БАҚ-та да Қазақстандағы ойындар жайлы біраз жазба жарияланатын шығар. Мұның бәрі Қазақстанның ауқымды іс-шаралар өткізуге қабілетті ел екендігін әлем алдында айқындайды.

Қазірдің өзінде ДКО жайлы ақпарат таратуға шетелдік танымал блогерлер белсене ат салысып жатыр екен. Нақтырақ айтқанда шілденің соңында «Qazaqstan» жеңіл атлетика кешенінде шетелдік блогерлермен кездесу өтіпті. Іс-шараға 8 мемлекеттен, атап айтқанда, Таиланд, Малайзия, Қытай, Оман, Түркия, Әзірбайжан, Вьетнам, Италия мен Қырғызстаннан 11 шетелдік блогер қатысыпты.

Қатысушылар арасында малайзиялық Nur Ruhainies Farehah, Instagram-да 1,7 миллион және TikTok-та 738,7 мың жазылушысы бар актриса әрі жүргізуші, Қытайдан келген Wang Jianing, Xiaohongshu, Douyin мен Weibo сынды оқырмандар саны «ауыз толтырып айтарлықтай» фуд-блогерлер де бар екен.

Жақында ғана Уэнсдэй сериалының жұлдыздары мен Доктор Стрендж актеры Мадс Миккельсен да Көшпенділер ойындарына келуді жоспарлап жүргендерін айтқан еді. Осындай Голливуд жұлдыздары да қызығушылық танытып отырған ойындар елдің имиджіне оң әсер ететіні анық.

"Өзіміз де барып, отандық спортшыларымызға қолдау білдірейік", - деп ойын түйіндеді журналист Оңғар Қабден.