Дариға Назарбаева бастаған депутаттар алдымен облыстық балалар ауруханасына ат басын тіреді. Сал болып туатын сәбилердің денін дер кезінде емдесе, қоғамда мүгедектер санын едәуір азайтуға болады дейді дәрігерлер. Мұнан кейін халық қалаулылары саңыраулар мен есту қабілеті төмен балаларға арналған облыстық мектеп-интернатта болды. Мұнда қазір 150 бала орта білім алады. Олардың 15-нің құлақтарына қымбат бағалы имплантант салыныпты. Осы жерде депутаттар балалардың өнерімен танысты. Бірде бір әуенді естімесе де, кәсіби әртістерден кем билемейтін балалардың қабілет-қарымына вице-спикер тәнті болып, бірге ән де шырқады.