СҚО-да басшыларына көңілі толмаған саңыраулар жиын өтіп жатқан жерге басып кірді

Петропавлдағы саңыраулар қоғамы ғимаратының маңында жиналып тұрған мына жұртты іште өтіп жатқан жиынға күзетшілер кіргізбепті. Бастықтың бұйрығы солай. Айғайлап-шулауға мүмкіндігі жоқ жандардың бар ашулары саусақтарының ұшында. 

Шыдамдары таусылған саңыраулар күзетшіні көкірегінен итеріп, баса-көктеп кірді. Алайда ғимараттың ішінде де оларды құшақ жая қарсы алған ешкім жоқ. Жиынға жанталасып кіргенімен, бәрібір дауыс беруге құқы жоқ екен. Қоғам жарғысына сай әр отыз мүгедектен бір адам ғана таңдап алынады. Әрине, басшыға жаққандары ғана.

Саңыраулардың ең басты түйткілі - жұмыссыздық. Василий Мироняктың өзі мүгедек болмаса да, кереңдердің жағдайын жасауға барын салып жатқанын айтады.

Василий Мироняк, Қазақ саңылаулар қоғамы СҚО филиалының төрағасы:

-Басты мәселе - кәсіпорын басшылары «тілдесу қиын»  деп мүгедек жанды жұмысқа қабылдаудан қашқақтайды. Әр саңырауға  аудармашы қоя алмайсың ғой. Сонда да біз қоғам арқылы 200 мүгедекке жұмыс тауып бердік.

Бұл облыстағы барлық кереңдердің төрттен бірі ғана, қалғандары мемлекеттен алатын 19 мың теңге жәрдемақыны қанағат етеді. Ал бүгінгі жиналысқа баса-көктеп кірген наразы топ бәрібір дауыс бере алмады. Сөйтіп, облыстық филиалға жаңа төраға болып Мироняктың өз адамы сайланды. Ал қоғамды отыз жылдай басқарған азамат осындағы жалғыз тігін цехына директор болып қалыпты.

Loading...