-Үйге кіруге де ұяламын, шынын айтсам, үш немерем бар Астанада жете алмай отырмын, кешір кешір.
Бір жылдан бері теңгенің түрін ұмытқан Самарбай Қойшығарин көз жасына ерік берді. Талай жыл осы кәсіпорында күзетші болып істейтін ол соңғы рет жалақысының бес мың теңгесін былтыр сәуірде алыпты. Енді 200 мың теңгесін даулап жүр. Мына тұрған әріптестерінің бәріне кәсіпорын 100 мыңнан бастап, жарты миллионға дейін қарыз.
Тойбай Қалиолдаұлы, «Колос» ЖШС жұмысшысы:
-Үйге келсем әйелім бетіме қарайды, балаларым қалтама қарайды, қолыма қарайды, ештеңе жоқ, осы үйге қарайтын жағдай жоқ. 6 балам бар. Сегіз адамбыз бір үйде, былтыр ақ қар көк мұзда қар кешіп жүріп осыны қыс бойы осында өткен өмірім, алған түгіміз жоқ.
Мекемеде кезінде 80-ге жуық адам жұмыс істепті. Астық қабылдап, сақтайтын кәсіпорынның қазір жалақы мен салық қарыздары миллиондап саналады. Соңғы рет жұмысшылар былтыр сәуірде бес мың теңгеден алыпты. Содан бері ешкім көк тиын көрмеген.
-Қазір кәсіпорынның барлық ғимараттарында құлып тұр. Былтырғы астық ору науқанында мұнда бірде бір тонна бидай әкелінбепті, ендеше былтыр кәсіпорын бір тиын да пайда таппады деген сөз.
2004 жылы өңірге Тайыр Мансұров әкім болып тұрғанда облыстағы 40-қа жуық шаруашылық пен кәсіпорын «Трансавто» серіктестігіне өткен. Арасында осы «Колос» та бар. Құрылтайшысы сол кездегі Мәскеу мэрі Лужков болатын. Кейін Лужковтың басына қара бұлт үйрілгенде, айдалада жатқан Солтүстік Қазақстандағы 40 шаруашалық тақырға отырыпты. Жылдап жалақы алмаған халық шындық іздеп әлі тентіреп жүр.
Ерік Қазбеков, «Колос» ЖШС күзетшісі:
-Прокуратура біледі, бәрі бәрі біледі, кағаз жазғанбыз, олар уәде етеді. Бірақ қолдарынан түк келмейді.
«Колос» серіктестігінің дүние-мүлкі де банкте кепілдікте тұр. Осыған байланысты банкрот деп танылмайды. Сондықтан мына халықтың да маңдай термен тапқан ақшасы қолдарына қашан тиері белгісіз.
Loading...