2011 жылы пайдалануға берілген бұл диспансер Жамбыл, Қызылжар мен Мамлют аудандарының халқына қызмет көрсету үшін салынған екен. Ғимарат 100 мектеп 100 аурухана бағдарламасы дүркіреп тұрғанда бой көтеріпті. Алайда 100 орынға шақталған емдеу мекемесі ешқашан толыққанды жұмыс істемеген.
-Аудандық туберкулез диспансері бір қарағанда шағын бір қалашық сияқты . Мұнда әкімшілік корпус, стационар, асхана тіпті мәйітхана да бар. Алайда олардың тең жартысы қазір қаңырап бос тұр.
Қазір мұнда тек 14 сырқат ем алып жатыр. Ал оларға бақандай 80 адам қызмет көрсетеді екен. Енді міне емдеу мекемесін оңтайландырамыз деген шенділер ауруларды өзге жерге көшіріп, диспансерді жаппақшы.
Сәндігүл Жәкежанова, мейірбике:
-Несие алдық көрші ауылдан келіп жұмыс істейміз арнайы. Мен Блоговещенкадан келіп істеймін. Білмейміз енді қайда жіберсе сонда барамыз деп ойлаймыз.
Қызметкерлердің бұлайша даурығуы бекер емес. Мұнда еден жуушы 50 мың, мейірбикелер 70 мың теңгедей айлық алады. Ауылдық жер үшін бұл қомақты ақша. Шенділердің де өз уәжі бар. Бір сырқатқа шаққанда 6 мейірбике ұстау бюджетке тиімсіз.
Гүлбаршын Әбенова, Жамбыл аудандық туберкулезге қарсы диспансердің меңгерушісі:
-Бұл емдеу мекемесінің ғимаратында енді аудандық аурухана болады. Облыстық денсаулық сақтау департаментінің бұйрығы бар. Ал қызметкерлерге жергілікті жұмыспен қамту бөлімі көмектесуі тиіс.
Ал аудандық жұмыспен қамту бөлімі 80 мейірбикеге ауданнан жұмыс таба алмаймыз депті. Енді олар бүгін ақ халат киіп, аурумен күресіп жүрген жандарға сиыр саудырмақшы екен.
Loading...