-Имантаудың «Гүлдер ауылы» деп те аталуы тегін емес. 3 мыңға жуық тұрғыны бар ауылдың негізгі күн көрісі гүл өсіріп, еліміздің үлкен қалаларын көгалданыруға жөнелту. Қазірдің өзінде Имантаудағы гүлдер жылыжайлары 100-ге жеткен.
Мүслімовтар отбасы бірнеше ай бойы бел жазбай еңбектеніп өсірген гүлдерін жақында Астанаға жөнелпек еді. Енді міне,бір түнде жылыжайдың ойраны шықты. Мұнда өткен күзде де тасқын жүрген. Сол уақытта өткелдің арнасын кеңейткенде көктемде апат қайталанбас еді деп қынжылады ел. Бірақ, ол түгілі ауыл көшесі қыстай қардан тазартылмаған.
Виталий Кучма, Имантау ауылының тұрғыны:
-Тасқын Имантау көлінің маңын тазартпағаннан болды. Қауіп барын баяғыда айттық. Былтырғы жағдай басшыларға сабақ болмады.
Су яяқасты келгенде олар шамалары келгенше жылыжайды құтқаруға тырысқан. Бірақ, үлгермепті. Өйткені ағын судың екпіні күшті болғаны сонша, гүл егілген қораптарды шайып өткен.
Марина Мүслімова, гүл баптаушы:
-Жыл сайын Астананы көгалданыруға гүл өсіреміз. Тапсырыс аламыз да, қаңтардан бастап тұқым сеуіп, дамыл көрмейміз. Сәуірдің 29-ы 30 мың түп гүл жіберуіміз керек. Енді қайдан аламыз. Бәрін су шайып кетті.
Ауылдағы көшеде де адам аяқ алып жүре алмайды. Әкімдік тасқын су өткеннен кейін көшеге қиыршық тас орнына құрылыс қалдықтарын, қоқыс әкеп төккен болып жатыр. Орманда еріген қар суы екпінмен келіп өте алмай жырылып қалған өткелді де осындай қалдықтармен жауып қойған.
Любовь Сердюк, Имантау ауылдық аймағының әкімі:
-Ол өткелді жөндегенбіз. Бірақ, осал болып шықты. Осы жолғы тасқынға шыдамады. Шыдайтын шығар деп күтіп едік.Енді қайталанбауға тиіс.
Бұл маңда қар әлі толық еріп болған жоқ. Орманды аймақта әлі де тасқынның қайталануы мүмкін. Сондықтан, қызыл судан аман қалған жылыжай иелері жандарын шүберекке түйіп отыр.
Loading...