СҚО-да кісі өлтірген тәртіп сақшылары сот алдында жауап беріп жатыр

Жұрттың жағасын ұстатқан оқиға көктемде болған-ды. Соколовка ауылындағы дүкенге бас сұққан полицейлер сол жерде Евгений Копа есімді жергілікті тұрғынмен шекісіп қалған. Араққа қызып алған қызыл жағалылар 24 жастағы жігітті әй-шайға қаратпай көліктерінің жүк салғышына тиеп алып, өзен жағасын алып кетеді. Діттеген жерлеріне жеткен соң тәртіп сақшылары оны тепкілеп, көпірден лақтырып жіберген. 

Еркін Тоқсанов, мемлекеттік айыптаушы:

- Үмбетов, Серікбаев пен Алдамасов марқұмды ұрып-соғып, көпірден лақытырған. Жігіт тырмысып шықпақ болғанында қасақана ағынды суға итергені анықталып отыр.  

Жігіттің бақа-шаянға жем болған денесі араға екі ай салып табылған. Бүгінгі сот отырысына сол жетім жігіттің әжесі келіпті.


Мария Баженова, Е.Копаның әжесі:

- Немеремде не өштері бар еді бұлардың? Шешесі жоқ, жастайынан өзім бағып едім. Ең болмаса кешірім сұрауға да жарамады.  

Сотталушылардың әрқайсысы қос-қостан адвокат жалдапты. Өз-өздеріне сенімді. Екеуі сүттен ақ, судан тазамыз десе, үшіншісі тіпті судьяның сұрақтарына да сол күйі жауап қатқан жоқ.

Сот ісінің ұзаққа созылар түрі бар. Жалпы тәртіп сақшыларының бірлесіп, кісі өлтірген оқиға бұрын-соңды облыста мүлде тіркелмеген екен. Қазір олар 96-шы бап бойынша айыпталуда. Егер сот кінәлі деп тапса үш полицей қалған өмірлерін темір тордың ар жағында өткізетін болады.