СҚО-да соңғы қоңырау кешінен соң жоғалған оқушының өлі денесі табылды

Владислав Виниченко көрші ауылдағы мектепті интернатта жатып бітіріпті. Көпбалалы отбасынан шыққан оқушының қайғы жұтқан анасы жанын қоярға жер таппай жүр.

- 17 жыл қатарынан кем қылмадым. Оңбаған азғындар өлтіріп кетті.

Соңғы қоңырау кешінен кейін түлектердің бәрі орманға барып қыдырған. Ішімдік ішіп, төбелескен көрінеді. Соңы осылай адам өлімімен аяқталған. Алайда бұл жайында аудандық ішкі істер бөліміндегілер қандай да бір мәлімет беруден бас тартты. Ал ауыл әкімі баланың өзі суға кеткен деп отыр.

- Азап өлтірді дейтіндей ешгқандай жарақат жоқ. 

- Өтірік айтпаңыз. 

- Мен  сараптама қортындысын айтып тұрмын ғой. 

Марқұм болған баланың ауылдастары мен туыстары енді оның  қазасына сыныптастарын кінәлауда.  


Максим Коваль, марқұмның досы:

-Қазір де менің телефоныма «егер біз туралы тіс жаратын болсаң, сені де өлтіреміз»  деген смс хабарлама келеді. Оны жіберіп отырған Владиславтың сыныптастары.

Осылайша баланың өзі суға ағып өлгеніне ешкім де сенбейді. Марқұмның туыстарының айтуынша, оны ұрып өлтіріп, екі сыныптасы денесін суға  ағызып жіберген. Біреуі ауылдағы учаскелік инспектордың жақын туысы екен.

- Өте өкінішті. Сонда ақшаң, жоғарыда көкең болмаса, бізді өлтіре беруге болады екен ғой. 

Владиславтың бақа-шаянға жем болған денесін туыстары жабық табытқа салып жерледі. Өмірге жаңа ғана жолдама алып, жоспар құрып жүрген жігіттің туыстары енді ауылға облыс орталығынан тергеушілердің келуін талап етуде.