СҚО-да сотталушылардың туыстары түрме алдында наразылық білдірді

Мына тұрғандар Павлодар түрмесінен жеткізілген жазасын өтеушілердің туыстары. Бірі баласын, енді бірі күйеуін Айыртаудағы осы абақтыға дейін шығарып салып келген. Айтуларынша, ондағы түрме жабылып, бұған дейін этаппен басқа қалаға әкеткендерді барған жерде соққыға жығыпты. Мұндай оқиға енді осында да қайталанған. Ал түрме бастығы үш күннен бері олармен жүздесуден қашып жүр екен. 

Түрме бастығы шықсын

Туысқандарының полицейлермен қақтығысып, бұлайша шу көтеруі бекер емес сияқты. Іштерінде екеуі рұқсат алып, түрмеге кіргенде жағасын ұстап шыққан.  

Нәзипа Абдоллаева, жазасын өтеушінің анасы:

-Көрдім ұлымды, көрдім ұлымды. Ұрған беті бәрі ісіп кеткен. Сөйлескен жоқ, аузын аша алмайды. 10 күннің ішінде балаңды аяғынан тұрғызамыз деп  қарап отыр.

Осыны естіген колония сыртындағы жұрттан маза кеткен. Плакаттар жазып, наразылық білдіріп, прокурорды шақырыпты. Оның үстіне, ағайын-туыс абақтыда туберкулез дендепті деген әңгімені естіп алған.  

Астанадан прокурор келсін. Петропавлдағы прокурорларға сенбейміз..


-Жазасын өтеп жатқандардың түрме қызметкерлерінен оңбай таяқ жегендеріне сенімді олардың туысқандары шындыққа көз жеткізбейінше бұл жерден кетпек емес. Олар онсыз да жарымжан жандарға қол көтергендер жазасын алуға тиіс,- дейді.

Айғайға басқан жұртты сабырға шақыруға колония бастығының өзі шықты. Айтуынша, сотталушыларға ешкім қол көтермеген. Қайта Павлодардан этаппен келе сала құқықтарын айтып, түрме тәртібіне қарсылық білдіріпті. Ал туыстарымен кездестіру себебін карантинмен түсіндірді.

Есләмбек Тәшенов, ЕС 164/8 ММ бастығы:

-Жазасын өтеп жатқандарды ешкім соққыға жыққан жоқ. Осы айғайдан соң прокуратура тексеріп жатыр. Мен оларды туыстарымен кездестіре алмаймын, заң солай. Жаңа мекемеде 15 күн болған соң ғана кездесу ұйымдастыра аламыз.

Бірақ түрме бастығының сөзіне сырттағылар сенген жоқ. Туыстарын көздерімен көрмейінше аштық жариялап, есік алдына түнейтіндерін айтты.