СҚО-да студенттік асхана тойханаға айналған

-Бұрын мына қабырғада перде ілулі болған. Ол асхананы екіге бөліп тұрыпты. Оң жағында студенттер түстенсе, екінші жағында той мен ас беру сынды шаралар өткізіліп келген.

20 жылдан бері мұнда осы тірлік. Соңғы кездері тым жиілеп кеткен той-томалақтан шаршаған студенттер мен мұғалімдер өткен аптада әкімдікке шағымданыпты. Ал олар тексеруді бастаймыз дегенше, колледж директоры шағымданғандардың өзін жұмыстан шеттеткен.

Әлия Дәуренбекова, СҚО медицина колледжінің қызметкері:

- «Әкімдікке арыз жаздың» деп кабинетімнің есігіне құлып салды. Жұмысымнан шеттетіп отыр. Иә, асханадағы бассыздық жайында бұларға талай рет айтқам. «Арты жақсылыққа апармайды» деп ескерткенмін. Енді, міне,өзіме таяқ болып тиді.    
 

Әлия Дәуренбекованың қызы Кәмила колледжде зертханашы болып 3 ай ғана жұмыс істепті. Осы уақыт ішінде асханада 20-ға жуық түрлі шара өтті дейді. Балалар перденің ар жағында арақ ішіп, марқұмды еске алып отырғандармен бірге түстенген. Осыны айтуға келгендермен сөйлесуге колледж күзетшілері мұрша бермеді.

Мына кадрлар колледж асханасында өткен сол тойларда түсірілген.  200-250 адам сиятын бұл жерде сенбі, жексенбі күндері үйлену тойлары, жай күндері көбіне марқұмдарға ас берілетін дейді қызметкерлер. Ал колледж басшылығы өз шындығын жеткізуге асықты.


Марина Ахметова, СҚО медицина колледжінің директоры:

-Мен күнде облыстық денсаулық сақтау департаментіне түсініктеме жазып жүрмін. Бұл жерде мен басшылық еткен соғы үш жылда бірде бір рет үйлену тойы өткізілген емес. Тек қызметкерлердің туыстары қайтқанда бірнеше рет ас беруге рұқсат бергенім рас.

Істің ақ-қарасы колледжге жауапты Денсаулық сақтау департаменті жүргізіп жатқан тексеруден кейін анықталары анық. Әзірге асхананы жалға алғандармен келісім-шарт жойылыпты. Тендер жарияланып, жаңа қожайын табылғанша, екі ортада шыбынның күйін кешкен студенттер қиналатын болды. 

Loading...