Петропавлда қылмыстық топ құрып, көлік контрабандасымен айналысты деп айыпталғандарға экономикалық сот үкім шығарды, - деп хабарлайды "Хабар 24" және "Астана" телеарналары.
Күдікті ретінде танылған төрт адамның кінәсі толық дәлелденбей, олар сот залынан босатылды.
Айта кетейік, бір жарым жыл бұрын Қаржылық мониторинг агенттігі Жапониядан оң рөлді көліктерді қосалқы бөлшек ретінде тасымалдағандарды ұстаған болатын.
Айыптаушы тарап оларды 19 жылдан 25 жылға дейін бас бостандығынан айыруды сұраған еді. Бірақ тергеу барысында тауар тасымалдаушылардың контрабандамен айналысқаны нақты дәлелденбеді. Тек жалған құжатты қолданып, оқ-дәрі сақтау бабы бойынша кінәлі деп танылды. Алайда олар ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай рақымшылыққа ілінді. Осылайша, күдіктілерге бас бостандығын шектеу және қоғамдық жұмыстарға тарту жазасы тағайындалды. Енді тәркіленген көліктер иелеріне қайтарылады.
"Ұйымдасқан трансұлттық қылмыстық топ құрып, ірі көлемде контрабандамен айналысу арқылы заңсыз жолмен тапқан ақшаны легализация жасады" деген ауыр айыптауды тергеу тобы дәлелдей алмады. Өйткені көліктің қосалқы бөлшектерін ел аумағына кіргізуге тыйым салынбаған. Біз бұл істе қылмыс жоқ екенін басында-ақ айтқанбыз", - деді адвокат Татьяна Петрова.
"Біз ақталып шықтық. Бір жарым жыл заңсыз әрі негізсіз қамауда отырдық. Осыған байланысты шағым түсіреміз. Әділдік үшін күресеміз", - деді күдікті деп танылғандардың бірі Николай Дыбец.