СҚО-да туберкулезге шалдыққандар емнен қашып көшеде жүр

Туберкулез - әлеуметтік ауру. Өйткені ондай сырқатқа көбіне жағдайы жоқтар, маскүнемдер мен сотталғандар шалдығады. Дертін жасырып, дәрігерлерден қашатын да солар. Әсіресе, түрмеден Кох таяқшасын  жұқтырып, кейін бостандыққа шыққандар ұстатпайды екен.

Алмас Темірбеков, СҚО ІІД Көші-қон полициясының инспекторы:

-Іздестіру іс-шараларының нәтижесінде полиция қызметкерлері құрт ауруына шалдыққан және іздеуде болған 4 адамды анықтады. Облыстық диспансердің қызметкеріне тапсырылды.

Жалпы, қазір тәртіп сақшылары туберкулездің ашық түріне   шалдыққан 16 адамды іздеп жүр. Бұл тек аты-жөні белгілілері ғана. «Құжаттарымды жоғалттым» деген науқастар, Кох таяқшасын жұқтырғандары үшін ұялатын болуы керек, ауруханада мүлде басқа атпен жатады екен.

Павел Соболевский, СҚО Тубдиспансерінің бас дәрігері:

-Әдетте өтірік атпен емделетіндердің дені маскүнемдер  мен нашақорлар. Олар құжаттарын тығып, өзге адамның атын атайды.  Диагноз қоямыз, ем-домын бастаймыз. Алайда олар аяқтарынан тұрса бітті, емін аяқтамай қашып кетеді.

Тәртіп сақшылары осындай қашқындардың бірін қалада автобуспен  жолаушы тасып жүрген жерінен ұстаған. Жалпы бұл індеттің ашық түрімен ауыратындар Кох таяқшасын күніне 40 адамға дейін жұқтыратын көрінеді.  

Loading...