СҚО-да туған жиенін пешке өртеген әжей сотта қызынан жылап тұрып кешірім сұрады

Туған анасы айыпталушы, қызы жәбірленуші ретінде қатысатын сот сұмдық оқиға болған Мамлют ауданында емес, облыс орталығында өтсін деп ұйғарылыпты. Ал алғашқы отырыс басталмай жатып-ақ, Олеся Грудинская шешесі ең қатал жазаға кесілсін деп талап етті, деп хабарлайды КТК телеарнасы.

"Мұндайды кешіру мүмкін емес. Ол  тіпті хайуан да жасамайтын қылмысқа барды. Оның да қызым сияқты әбден қиналғанын қалаймын. Сондықтан ең қатал жазаға кесілуін сұраймын" дейді сәбиінен айырылған ана.

Ал өзінің бет-бейнесін көрсетуден бас тартқан сотталушы Любовь Русалиева ә дегеннен-ақ туған қызынан да, өз қолымен өлтірген кішкентай жиенінен де кешірім сұрап, көз жасын көл қылды. Айтуынша, бұл сұмдыққа ол арақтың кесірінен барған. Сұмдық оқиға қараша айының басында  Мамлют ауданындағы Дубровное ауылында болған еді. Қызы мен үлкен немересін нанға  жұмсап жіберген Любовь Русалиева үш апталық жиенін жанып тұрған пешке тастаған. Бұл сұмдықты анасымен бірге дүкенге барып келген 9 жасар бала да көріп, қатты шошыпты.

 Олеся Грудинскаяның айтуынша, анасы қызының оң босағада отырып жүкті болғанына ешқандай реніш білдірмепті. Түсік жасатуға бел буғанда да,  босанған соң баланы перзентхаға  тастап кетейін дегеніне де қарсы болған екен.


Сол күні үйде нан болса да, араққа тойып алған анам мені дүкенге  әдейі жұмсады дейді Олеся Грудинская. Сүт пісірім уақытта оралған ол қызын таппай қалған. Төргі бөлмеде анасы бос тұрған арбаны тербетіп отыр екен. Шарқ ұрып сәбиін іздеген әйел далаға атып шықпақшы болған. Бірақ  пеш жақтан еттің күйген иісін сезіп, солай қарай жүгіріпті. Соттың алғашқы отырысында жәбірленуші мен куәгерлерден ғана жауап алынды. Ал айыпталушы келесі отырыста тергелмек.

Любовь Русалиева «аса қатігездікпен адам өлтірді» деген бап бойынша айыпталып жатыр. Егер кінәсі дәлелденсе, 62 жастағы зейнеткер  өмір бойына  түрмеге тоғытылуы мүмкін.  Сондай ақ, бұған дейін облыстық наркологиялық диспансерде есепте тұрған ол маскүнемдіктен мәжбүрлі түрде емделуге жіберілуі тиіс.