СҚО-да жүк көлігін екі пойыз қағып өтті

Мына кадрлар темір жол өткеліне орнатылған бақылау камерасына түскен. Татарстанның Набережные Челны қаласынан Көкшетауға жүк артып бара  жатқан «Маз» бағдаршамға қарамай теміржолға шығып кетеді. Алдымен оны қатты жылдамдықпен келе жатқан жүк пойызы, артынша Иркутск –Кисловодск жолаушылар пойызы тағы келіп 400 метрге дейін сүйреп өткен. Машинист дер кезінде тежегішті басып үлгергендіктен , жолаушылар пойызында адам шығыны жоқ. 500-ге тарта  жолаушы Петропавл бекетіне жеткізілген. Олар тек кешке қарай өзге пойызбен сапарларын жалғастырды. Ал жүк көлігінің жүргізушісі оқиға орнында қаза тапты. Осы ретте айтып өтсек, солтүстік өңірдегі теміржолдың басым бөлігі мен бекеттер Ресейге тиесілі. Апат орын алған жер – Оңтүстік Орал темір жолына қарасты Кондратов өткелі.


Евгений Журавлев, СҚО Төтенше жағдайлар департаментінің  қызметкері:

-Онда бағдаршам болса да , жүк көлігінің жүргізушісі неге оған тоқтамағаны анықталып жатыр. Көктайғақ болды деген  жорамал да бар. Қазір оның бәрі қозғалған қылмыстық іс аясында тексерілетін болады.