СҚО-ның Новоишим ауылында ерекше екі саябақ ашылды

«Шағын Астана» деп аталатын мына саябақта Елордадағы 14 танымал ғимараттың көшірмесі қойылыпты. Аудан орталығында ашылған екінші демалыс орны Мезозой дәуірінен сыр шертеді екен. Динозаврлар туралы түсірілген танымал фильм аудан әкіміне қатты әсер етсе керек, ол дәл осындай саябақ тұрғындарға керек деп шешіпті.

Қуаныш Құрманов, Новоишим ауылдық аймағының әкімі:  

- Ойы бәрін ауданымыздың әкімі біздің ауданымыздың әкімінің ойы. Марат Рахымбаевич Тасмағамабетовтың сол ойымен, осында саябақтар жасауға,  біздің адамдарымыз, қонақтарымыз ертең демалуға, балаларға экскурсия жасау үшін осының бәрі істелінген. 

Саябақтан орын тепкен динозаврлардың мүсінін петропавлдық шеберлер жасапты. Олар біздің дәуірімізге дейін өмір сүрген жануарлардың бейнесін ғаламтордан іздеп тапқан.

Мүсіндер гипстен құйылған. Ал Астанадағы ғимараттардың көшірмесі пластик пен кәдімгі қаңылтырдан жасалыпты. Осыған шенділер бюджеттің 30 миллион теңгесін жұмсаған. Тек әкімнің идеясы көптің көңілінен шықпаған сыңайлы.


Сақан Сүлейменов, Новоишим ауылының тұрғыны: 

- Саябақтың не керегі бар. Бізде міне не  жол жоқ , жылу жоқ.  Саябақтың бір жақ қабырғасы құлап жатыр, су бұрқақтары да  міне істемейді. Кеше бардым. 

Бұлбұл Баймағамбетова, Новоишим ауылының тұрғыны:

- Бұрын да баратын жерлер бар да. Жуырда Астана ашылды, сонда баратынбыз. Сосын орталыққа барамыз. Орталықта да саябақ бар. Балалар, немерелерімізбен барып бос уақытымзды қыдырамыз. Жексенбі , демалыс күндері. 

Тұрғындардың айтуынша, бұл екі саябақты салу туралы ой аудан әкіміне кезекті еңбек демалысынан кейін келіпті. Қазір де шет елде демалып  жатқан атқамінердің осы жолы қандай тың идеямен келетінін халық іштен тынып күтіп отыр.