С.Сәпиев әлем чемпионатындағы алғашқы жекпе-жегін айқын басымдықпен аяқтады

Кеше ол Бакуде өтіп жатқан байрақты бәсекеде эквадорлық боксшымен кездескен болатын.

Шиеленісті өткен бірінші раундтың соңына таман С.Сәпиевтің ауыр соққысына ұшыраған эквадорлық Карлос Санчезді сәтті соғылған гонг үні құтқарып қалды. Есеп 6:2 болып қазақ боксшысының пайдасына шешілді. Ал екінші раундта еркін әрі сенімді жұдырықтасқан Серік қарсыласының соққыларынан сытыла жүріп, есепті 12:3-ке жеткізді.

Үшінші кезеңде қатты сасқан эквадорлық қазақ боксшысын қоян-қолтық ұрысқа тартпақ болып еді. Дегенмен бұл тәсілі еш нәтиже бермеді. Осы раундтың орта тұсында қазақстандықтың ауыр соққысын алып есеңгіреген қарсыластың жай-күйін бағамдаған төреші жеке-жекті тоқтатуға мәжбүр болды.

Енді С.Сапиев қазанның 2-сі күні болгарлық Найден Стояновты 20:11 есебімен ұтқан тайландық Апичет Саенситпен кездеседі.

Ал бүгін кешке 64 келі салмақ санатында жұдырықтасатын Данияр Елеусінов шаршы алаңға шығады. Оның қарсыласы - шотландық Джош Тэйлор.