Сталинград ұрысы жайындағы фильм әлемдік прокатқа шықты

Санкт-Петербург маңындағы «Сталинград» фильмін түсіру үшін жарты жыл бойы 400 адам қаланың шынайы кейпін көрсететін декорацияларды дайындаған. Ал алғашқы «мотор» командасы 2011 жылдың күзінде айтылып, бір мезетте мың актер қатысатын көріністер іске асырылды.

Сюжет негізіне сұрапыл соғыс кезіндегі махаббат оқиғасы алынған. Кеңес әскері Еділді кесіп өтіп, оң жағалаудағы қорғаныс шебіне жол тартады. Павлов үйі жайлы тарихи оқиға осы туындыда айқын көрініс тапқан. Фашистердің шабуылына екі ай тойтарыс бергендердің рөлін алты сарбаз сомдаса, нысанадағы үйдің жалғыз тұрғыны – Катя есімді бойжеткен өз үйін өліспей беріспеуге бекінгендердің бірі.

Ресейлік кинотуындылардың ішінде «Сталинград» халықаралық прокатқа жол тартпақ. Себебі «Sony Pictures» компаниясы фильмді «Синемакон» көрмесіне шығарған. Сонымен қатар кең форматта түсіріліп, IMAX 3D түрінде көрермен назарына ұсынылатын алғашқы ресейлік фильм болып табылады. 


Вадим Голеко, “Меломан” компаниясының бас директоры:

- Бондарчук соғысты өз көзімен көрмеген адамдарға оның қиындығын ашып көрсете алады. Ал кино 3Д форматында жасалғандықтан әрбір элемент ойластырылуы тиіс. Сондықтан біз сапалы, тарихи және бүгінгі көрерменнің талғамынан шығатын фильмді көреміз деген ойдамын.

Бюджеті 30 миллоин долларды құраған «Сталинград» Ресей аумағындағы ең қымбат кинотуынды болып отыр. Ұлы Отан соғысындағы басты, әрі қанды шайқастың көрінісін, капитан Громов пен неміс офицері Канның батылдығы мен тәкаппарлығын қазақстандық көрермендер бүгіннен бастап тамашалай алады.