«Тағылған айыпты (...) толық мойындамаймын», - деді ол сәрсенбідегі сот процесінде.
А.Мешімбаеваға Қылмыстық кодекстің екі бірдей бабы бойынша айып тағылған болатын.
«Сотталушыны тыңдай келе (...), алдымен куәлардан, Мешімбаеваның өзінен жауап алып, қылмыстық іс материалдарын тексеру қажет деп ойлаймын», - деді прокурор Даурен Әшімов.
Өз кезегінде, сотталушының адвокаты Ботагөз Бейсембаева соттан алдымен Серік Тұржанов пен (КИІК» фирмасының құрылтайшысы) пен Нұрман Баяновтан (Статистика агенттігі төрағасының бұрынғы орынбасары) жауап алуы сұрады.
«Мешімбаева қылмыстық топты ұйымдастырды, солармен бірге осы қылмысты жасады деген айыптаулар бірнеше рет айтылды. Менің ойымша, аталған тұлғаларды қатыстырмай тағылған айыптарды дәлелдеу және әділетті тұжырым жасау мүмкін емес, - деді адвокат.
Сонымен қатар, қорғаушы сотқа тағы екі куәгерді шақыру туралы өтініш берді. Олар: Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігінің бұрынғы департамент директоры Людмила Иванова мен осы ведомствоның аға маманы.
Сот өтінішті қанағаттандырып, аталған азаматтарды куәгер ретінде процеске шақыру туралы шешім қабылдады.
А.Мешімбаева ұлттық халық санағына бөлінген 758,2 млн теңгені талан-тараж етті, сервер қондырғысына арнап қос кондиционер сатып алу барысында лауазымын асыра пайдаланып, мемлекетке 3,5 млн теңгеден астам шығын келтірді деп айыпталған болатын.
Қылмыстық қудалау орындарынан қашып кеткен экс-шенеунік биылғы ақпан айында Мәскеуде қолға түсіп, 7-қыркүйекте Астанаға жеткізілді.