Statoil Ақтау-Баку бағытындағы мұнай құбырын тартуға атсалысу мүмкіндігін жоққа шығармайды



П.Реттедалдың айтуынша, биыл Қазақстан Баку-Тбилиси-Жейхан мұнай құбыры жобасына бірігу туралы келісімге қол қояды деп күтілуге байланысты Қазақстанның көмірсутегі шикізатын Ақтаудан Бакуге дейін тасымалдаудың бірнеше жолдары қаралатын болады. Statoil компаниясы Каспий теңізінің түбі арқылы өтетін мұнай құбырын тарту жұмыстарына қатысуға дайын. Қазақстан жағы да бұл мүмкіндікті жоққа шығармайды, деді ол.
Сонымен бірге мұнай саласындағы тәжірибелі компаниялардың біріне саналатын Statoil теңіздің табанында да, жердің үстінде де еш қиындықсыз құбыр тарта алатын, озық техникамен жабдықталған арнаулы кемеге иелік етеді. Бұған қоса кемеде құбырларды құятын шағын зауыт та бар.
Пер Эйнар Реттедал Баку-Тбилиси-Жейхан мұнай құбыры жобасы бойынша Statoil компаниясы 8,71 процент үлеске ие екенін еске салды.
Биылдан бастап пайдаланыла бастаған Баку-Тбилиси-Жейхан экспорттық мұнай құбыры Каспий теңізінен тәулігіне 1 млн. баррель мұнай экспорттауға мүмкіндік береді.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті