Бұл ұжымның ойыншылары тұңғыш рет 1893 жылы жеңімпаз атанған болатын. Одан бері бұл Кубок талай клубқа бұйырып, талай ойыншының қолынан табылды, деп жазады «Алаш айнасы» басылымы.
Тарихы тереңде жатқан «Стэнли» кубогының жеңіп алған хоккейшілер есімі 90 сантиметрлік жүлдеге ойып жазылады. Әрине, бір командада 20-дан асып жығылатын хоккейшілер бар. Сондықтан бос орын қалмаған Кубокты 1991 жылы құрмет залына орналастырып, жаңасын жасап шығаруға тура келді. Күмістен құйылған Кубок көшірмесін чемпион команда ойыншыларының өз үйлеріне алып кететіні рас. Дәл осы кезеңдерде «Стэнли» кубогының айналасында біраз келеңсіздіктер орын алады. Мысалы, Кларк Гиллис 1892 жылы кубокты итаяққа айналдырып, төрт аяқты досымен қуанышын бөлісті. 2000 жылы «Нью Джерси Девилз» клубының қақпашысы Мартин Бродо «Стэнли» кубогын попкорнға толтырып, кинотеатрға да алып барды. Кубоктың үш мәрте суға батып кете жаздағаны да бар. Ал 1920 жылғы жеңімпаз команда «Оттава Сенаторз» ойыншылары арасында келіспеушілік орын алып, кубок арықта «түнеп шыққан». Бірақ түрлі оқиғаны бастан кешкен «Стэнли» кубогын ұтып алу талай хоккейшінің арманы ғана болып қалғаны да шын. Ең бастысы, бұл кубокты жеңіп алған команданың әрбір ойыншысы оны бір тәулік (24 сағат) өз еркімен ұстай алады.
Бүгінде Канаданың Торонто қаласындағы Хоккей құрметіне арналған залда «Стэнли» кубогының түпнұсқасы сақтаулы тұр. Айтпақшы, Құрлықтық хоккей лигасының бас жүлдесі «Гагарин» кубогы да жеңімпаз ойыншымен бір күн «қыдырады.