Стендтік атудан «Алтын қырғауыл» сайысының қатысушылары «Компакт-спортинг» тәртібі бойынша тартысқа түсті

Күннің бірінші жартысында спортшылар «трап» тәртібі бойынша тартысқа түсті. Турнирдің кешегі көшбасшысы Максим Коломоец шымкенттік бәсекелесі Виктор Хасяновке есе жіберіп алды.

Финалдан кейін үшінші орын үшін бірдей ұпай жинаған қызылордалық Валерий Дьяченко мен шымкенттік Андрей Могилевский арасында ұзақ тартысты сайыс болды. Нәтижесінде А. Могилевский жеңіске жетті.

Жасөспірімдер арасындағы барлық жүлделі орындарды алматылық спортшылар ұтып алды. Бірінші орынды Асхат Жашыбай, екіншіні Руслан Бердов, ал үшінші орынға Ертуар Қажығалиев тұрақтады, деп хабарлайды ҚР Стендтік және тәжірибелік ату федерациясының баспасөз қызметі.

Күннің екінші жартысында «шеңбер стендтің» жеңімпаздары белгілі болды. Бірінші орынға павлодардық Виталий Куликов қол созса, екінші орынды алматылық Александр Ещенко, ал үшінші орынды Владислав Мухамедиев қанағат тұтты.

Бүгін жарыстар «Компакт-спортинг» тәртібі бойынша өтіп жатыр. Бұның ережелері аңшылық кезіндегі ату тәсілдеріне ұқсас.

Естеріңізге сала кетейік, 13-19 қараша аралығында стендтік атудан «Алтын қырғауыл» атты халықаралық турнир өтуде.

Жарыстар Алматы облысы Іле ауданы Байсерке кентіндегі А. Асанов атындағы атқыштар клубының аумағында ұйымдастырылды.