Степногордағы балалар үйінде тәрбиеленген 4 жасар Эдуард Циммердің әкесі жоқ, ал анасы түрмеде жазасын өтеп жатыр. Сәби аяқасты сырқаттанып қалғанда, алдымен осындағы дәрігерлер ем -дом жасаған. Іші ауырған балаға мейірбике таблетканы тұтастай бере салыпты. Онысы өңешке кептеліп, тұншығып қалған. Жедел жәрдем жетем дегенше бүлдіршін бақилық болды.
Лариса Власова, Степногор қалалық жедел жәрдем бөлімінің меңгерушісі:
- Жедел жәрдемге балалар үйінен 4 жасар бала таблетка жұтып қақалып қалды, көмек керек деп хабарласты. Біздің дәрігерлер жеткенде, бәрі кеш еді. Бала қайтып кетіпті.
Таблеткаға тұншығып қалған баланың жақындары жоқ. Соңғы сапарға шығарып салуға балалар үйінің тәрбиеленушілері мен тәрбиешілері келді. Сәбидің тәтті қылықтарын айтып, сүйікті ойыншықтарын да ала келген. Олар аяқ астынан көз жұмған Эдуардпен сот медициналық сараптама ғимаратының алдында қош айтысты.
Алайда, қызметкерлеріне шаң жуытпаған балалар үйінің директоры, жоқтаушысы жоқ жетімнің қазасын жәй ғана жазатайым оқиға деп отыр.
Раиса Сахнова, Степногордағы №4 балалар үйінің директоры:
- Жазатайым болған нәрсе. Әйтпесе мейірбике таблетканы тұтас емес, үштен бір бөлігні ғана берген. Сол сәтте қақалып қалыпты. Тұншыға бастағанда қызмекткерлер не істерін білмеген. Олар дәл осылай болады деп ойламаған ғой.
Бірақ істің ақ-қарасын тексерген құқық қорғау орындары баланың қазасына қызметкерлердің өз ісіне немқұрайлы қарауы себеп болды деген сенімде. Осы баппен қылмыстық іс те қозғалған.
Әсем Әбдірахманова, Ақмола облыстық ІІД баспасөз қызметінің өкілі:
- Қазіргі уақытта осы дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Медицина және фармацевт мамандарының кәсіби міндетіне салғырт қарағанына қатысты баппен. Кәнілілер жазадан құтылмайды.
Сот медициналық сараптама қорытындысы да әзір болыпты. Кішкентай Эдуардтың тамағына кептеліп қалған таблетка да алынған. Енді 4 жасар жетімнің ажалына себепкер болған кінәлілерді құзырлы органдар анықтайтын болады.