Стриминг ойын-сауық құралынан табыс көзіне айналды: Әлеуметтік желідегі "қоқыс контент" шектелуі мүмкін

Мәселе TikTok, Instagram және YouTube секілді платформаларда көрілім мен донат үшін әдейі жанжал ұйымдастыру, балағаттау, адамды қорлау және қауіпті әрекеттер көрсету сияқты контенттің таралуына байланысты көтеріліп отыр, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.

Жасөспірімдердің әлеуметтік желідегі қауіпсіздігі

«Әділет» партиясы фракциясының мүшелері, Құрылтай депутаттары Жанарбек Әшімжан мен Жарқынбек Амантайұлы цифрлық кеңістіктегі тәртіп мәселесін депутаттық сауал арқылы көтерді.

Депутаттар жасөспірімдердің әлеуметтік желілерді пайдалануына жас шектеуін енгізу мәселесін қарастыруды ұсынды. Олардың пікірінше, қазіргі жағдайда баланың интернетте қандай контент көріп отырғанын ата-ананың үнемі бақылауы мүмкін емес.

"Қазір смартфон әр баланың қолында. Кейде баланың телефонға телміріп отырғанын көріп, өзіміз де алаңдаймыз. Кітап оқысын дейміз. Уақытын тиімді өткізсін дейміз. Телефонды қойып, айналасына қарасын дейміз. Бірақ бұл мәселені ата-ананың тыйымымен ғана шешу қиын. Мойындау керек, бала интернетке кіргенде, оның көретінін біз әрдайым бақылай алмаймыз. Әлеуметтік желіде жас ерекшелігі ескерілмейтін контент бар. Әдептен асатын тікелей эфирлер бар. Жасөспірімнің психологиясына кері әсер ететін дүниелер бар. Ең қауіптісі – мұның бәрі баланың қолындағы бір смартфонның ішінде. Сондықтан мәселе баланың телефонында емес. Мәселе – оның қандай цифрлық ортаға кіріп отырғанында. Цифрлық кеңістікті бақылау – еркіндікті шектеу деген сөз емес. Бұл – ең алдымен баланың қауіпсіздігін ойлау. Бүгінгі депутаттық сауалдың маңызы да осында", - деп жазды Нұрлат Байгенже.

Депутаттардың бастамасын қолдаған пікір білдірушілердің бірі әлеуметтік желідегі сапасыз әрі зиянды контентті реттеу қажет екенін атап өтті.

"Ұл мен қыз бала өсіріп отырған әке ретіндей айтайын. Әлеуметтік желідегі қоқыс контентті шынында жүгендеу керек. Қазір әр баланың қолында телефон бар. Олардың не қарап, кімді үлгі қылып, кімге еліктеп жатқанын үздіксіз қадағалау мүмкін емес. Әке-шешесі жұмыста болған уақытта бала әлгі контенттерді еріксіз көреді. Сөйтіп санасы уланады, әлгі есерсоқтардың әрекетін жөн деп ұғады. Әсілінде, бұл – ұлтқа төнген қауіп. Сондықтан Құрылтай депутаттары көтерген бүгінгі бастаманы қос қолдап қолдаймын", - деп жазды Дастан Сейілханұлы.

Оның айтуынша, мұндай контенттің кең таралуы тек жеке отбасының мәселесі емес, қоғамның мәдениеті мен жас ұрпақтың қалыптасуына әсер ететін фактор.

Тікелей эфирлердегі «треш-контент» мәселесі

Депутаттар әлеуметтік желілердегі тікелей эфирлерге де назар аударды. Қазір стриминг ойын-сауық құралы ғана емес, кейбір қолданушылар үшін табыс көзіне айналған.

Көрілім, лайк және донат жинау мақсатында әдейі жанжал ұйымдастыру, адамдарды қорлау, балағаттау, арандату және қауіпті пранктер жасау жағдайлары жиілеп отыр.

Депутаттардың пікірінше, мұндай әрекеттерді жай ғана «контент» ретінде қарастыруға болмайды. Себебі тікелей эфирлерді балалар мен жасөспірімдер де көріп, ондағы мінез-құлық үлгілерін қабылдауы мүмкін.

Осыған байланысты «Әділет» партиясы фракциясының атынан Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаев пен Ішкі істер министрі Ержан Саденовке депутаттық сауал жолданды.

Сауалда бірнеше ұсыныс айтылды. Атап айтқанда:

- «треш-стриминг» ұғымын заңнамада нақтылау;

- қауіпті пранктер, қорлау және арандатушы контент үшін жауапкершілікті күшейту;

- TikTok, Instagram және YouTube секілді платформалармен бірлесіп, құқыққа қайшы тікелей эфирлерді жедел анықтап, тоқтатудың тиімді тетігін енгізу;

- азаматтарды олардың келісімінсіз эфирге шығарудан және ар-намысына нұқсан келтіретін әрекеттерден қорғау;

- әлеуметтік желілердегі заңсыз контентке тұрақты мемлекеттік мониторинг жүйесін қалыптастыру.

Депутаттар бұл ұсыныстардың мақсаты сөз бостандығын шектеу емес екенін атап өтті. Олардың пікірінше, цифрлық кеңістікте сөз еркіндігімен қатар жауапкершіліктің де нақты шекарасы болуы қажет.

Сөз бостандығы мен жауапкершілік қатар жүруі тиіс

Әлеуметтік желілерді бақылауға қатысты бастама қоғамда әртүрлі пікір туғызуы мүмкін. Кейбір азаматтар мұндай шаралар сөз еркіндігін шектеуге әкелуі ықтимал деп алаңдайды.

Алайда бастаманы қолдаушылардың пікірінше, сөз бостандығы адамды қорлау, қауіпті әрекетке итермелеу немесе заңсыз контент тарату құқығын білдірмейді.

Сондықтан цифрлық кеңістіктегі реттеу нақты құқықтық өлшемдерге сүйенуі керек. Яғни қандай контент заң бұзушылық болып саналатыны, қандай жағдайда жауапкершілік туындайтыны және платформалардың міндеттері заңда анық көрсетілуі қажет.

Бұл мәселе бұған дейін де бірнеше рет көтерілген. Депутаттар цифрлық ортада да «Заң мен тәртіп» қағидатын қамтамасыз ету қажеттігін алға тартып отыр.

Әлеуметтік желі бүгінде ақпарат тарату, пікір білдіру және табыс табу алаңына айналды. Сондықтан ондағы қауіпсіздік мәселесі де қоғамның назарынан тыс қалмауы тиіс.

Ең бастысы – цифрлық кеңістікті реттеу кезінде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен азаматтардың сөз бостандығын қорғау арасындағы тепе-теңдікті сақтау.

Өйткені балаға интернетті жау қылу емес, интернетті балаға қауіпсіз ортаға айналдыру маңызды.