Су бағасының қымбаттауынан тұрғындар жуынудан қалған

Татьяна Ефремова гүл өсіргенді ұнатады. Пәтеріндегі жасыл желегін аптасына үш рет суарады. Жақында ғана зейнеткерлер  есептегіш құрал орнатыпты. Ондағы мақсаттары коммуналдық қызметтің бұл түріне ақыны азырақ төлеу екен. Енді міне тариф өскелі бәрі керісінше шыққан. Ең төменгі зейнетақы алатын олар суға ғана айына шамамен мың жарым теңге төлеуі тиіс. Бар ақшалары дәрі-дәрмектен артылмайтын қарттарға бұл оңай емес.

Татьяна Ефремова, Петропавл қаласының тұрғыны :

Алпысқа жуық гүлім бар еді. Жартысын таратып бердім. Шалымыз екеуміз  аурумыз. Дәрі көп ішетіндіктен жиі жиі жуынуға тура келеді. Енді  үнемдейміз деп тазалықтан жұрдай болатын түріміз бар. Жуынатын бөлмеге кіріп шыққан сайын есептегіш құралға үңілеміз де отырамыз. 

Су бағасы еліміздің бірден үш облысында өсті. Қапшағайлықтар, атыраулықтар мен қызылжарлықтар желтоқсанның бірінен бастап ауызсуға шамамен 50 пайызға артық төлейтін болады.

Петропавлдықтар су мен кәріз жүйесін қосқанда текше метр үшін бұдан былай 460 теңгедей төлейтін болады. Бұрын бұл сома 300 теңгеден аспайтын. Тарифтердің өсуі, әсіресе, су есептегіш құралы жоқ тұрғындарға қиын болғалы тұр. Олар айына тіршілік нәрі үшін кісі басынан мың теңгеден артық төлеуі тиіс.     

Көтерілген тариф алдағы үш жылда өзгермейді деп сендірді шенеуніктер. Есесіне түскен пайдаға тозығы жеткен құбырларды жөнделмек. Қазір Петропавлдағы 300 шақырымнан астам су құбырының 70 пайызы тозған. 


Елена Петрова , «Қызылжар су» ЖШС бас экономисі :

-  Алдағы үш жылда мүлде жарамсыз жатқан 60  шақырым құбыр жөнделеді. Қазір орташа жалақы көлемі де өсті. Әйтпесе бұрын кәсіпорында адам тұрмайтын. Электр қондырғыларын да ауыстыратын кез жетті. Мұның бәрі түскен пайда есебінен жөнделетін болады.

Алайда тарифтен түскен пайда барлық жыртығымызды жамауға  бәрібір жетпейді деп отыр монополист компания басшылығы. Жетісіп тұрған  халық та жоқ. Гүлдерінің тағдырын ойлап таусылған Татьяна Ефремова болса бір құмыраны алып кетіңдерші деп бізге де кетерде қолқа салды.