Соңғы жиырма жылда Қазақстанда құрылыс секторы ел экономикасының негізгі қозғаушы күшіне айналды. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2024 жылы елде пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі 2023 жылмен салыстырғанда 7,2%-ға өсіп, 15,3 миллион шаршы метрге жеткен. Алматы мен Астана қалаларында соңғы он жылда 12 мыңнан астам тұрғын үй пайдалануға берілген, олардың 65%-ын көпқабатты үйлер құрайды. Десе де құрылыс қарқыны коммуналдық жүйелерді басып озып, халық жиі сусыз, жарықсыз қиналуда. Caravan.kz медиа порталы жалғастырады.
Қарқынды құрылыс бір жағынан демографиялық өсім мен мемлекеттік бағдарламалардың әсері. Мысалы, «Нұрлы жер» бағдарламасы тұрғын үй құрылысына субсидиялар қарастырып, қолжетімді пәтерлер ұсына білді. Сонымен қатар, орта таптың табысы артқан сайын заманауи әрі жайлы тұрғын үйлерге деген сұраныс та арта түсті.
Алайда құрылыс қарқыны елдегі инженерлік инфрақұрылымның әлеуетінен озып кетті. Соның салдарынан жаңа тұрғын үй аудандарында су мен жарық тапшылығы жиілеп, тұрғындардың өмір сапасына теріс әсер етуде.
Алматы қаласындағы Алатау мен Наурызбай аудандарындағы жаңа тұрғын үйлер 1970-1980 жылдары салынған ескі су құбырларына қосылған. 2023 жылы қала әкімдігінің мәліметінше, жаңа үйлердің 18%-ы су қысымының жеткіліксіздігі немесе насос станцияларының қуатының аздығына байланысты сумен қамтуда үзілістерге ұшыраған. Сонымен қатар, 2024 жылы Алматыдағы жаңа тұрғын үй кешендерінің 12%-ы жарықтың жиі өшуіне байланысты шағым жасаған. Электр энергиясының үзілуі әсіресе қыс мезгілінде жылу жүйелерінің істен шығуына алып келіп, тұрғындардың өмір сүру жағдайын нашарлатуда. 2024 жылдың қаңтарында кейбір жаңа үйлерде ауа температурасы 12°C-қа дейін төмендеген.
Қазақстанның оңтүстік өңірлері, соның ішінде Алматы қаласы, энергияны көбінесе Қырғызстан арқылы келетін транзит арқылы алады. Мұндай тәуелділік пен электр станцияларының тозуы елдегі энергетикалық жүйенің әлсіздігін көрсетеді. Азия даму банкінің мәліметінше, Орталық Азиядағы электр станцияларының 70%-ы пайдалану мерзімінен асыра қолданылып жатыр.
Инфрақұрылымдық қиындықтар нарыққа да әсер етуде. 2023 жылы Алматыда сумен және жарықпен тұрақты қамтамасыз етілмеген аудандардағы пәтерлердің бағасы инфрақұрылымы жақсы орталық аудандармен салыстырғанда 20%-ға арзан болған.
Осы мәселелерді шешу үшін 2023 жылы Қазақстан үкіметі 1,2 трлн теңге қаржы бөліп, су және электр желілерін жаңарту жобаларын қолға алды. Бірақ бұл шаралар ұзақ мерзімді жоспардың бір бөлігі, ал құрылыс қарқыны қазіргі шешімдерден әлдеқайда жылдам.
Өзбекстан: Ташкенттің шегі кеңейіп, инфрақұрылым артта қалды
Өзбекстанда да құрылыс секторы қарқынды дамып келеді. 2023 жылы елде 28,4 млн шаршы метр тұрғын үй салынды, бұл 2022 жылмен салыстырғанда 12%-ға артық. Ташкент қаласы 2017 жылдан бастап жыл сайын орта есеппен 2,5 млн шаршы метр жаңа тұрғын үймен толығып келеді.
Алайда құрылыс көлемінің өсуі су және жарық инфрақұрылымының дамуынан әлдеқайда алда тұр. 2024 жылы Чиланзар мен Сергели аудандарындағы тұрғындар тәулігіне 12 сағатқа дейін су болмауына байланысты жиі шағымданған. Бұл үйлердің көбі ескі құбыр жүйесіне қосылған немесе жаңа жүйеге қосылғанымен, сорғы станцияларының қуаты жеткіліксіз.
Электрмен қамтуда да қиындықтар бар. Ташкент қаласының шеткі аудандарында 2023 жылы жаңа үйлердің 25%-ы жарықтың жиі сөніп қалуына тап болды. Бұған трансформаторлық станциялар мен желілердің шамадан тыс жүктемесі себеп болып отыр.
2022 жылғы қаңтарда болған кең ауқымды блэкаут кезінде Өзбекстанда 64 газ кен орны тоқтап, Ташкент метросы алты сағатқа жұмысын тоқтатқан еді. Бұл жағдай энергетикалық жүйенің өңірлік әлсіздігін айқын көрсетті.
Үкімет тарапынан шешімдер қолға алынған. 2021 жылдан бастап 1,8 млрд долларлық ирригациялық жүйелерді жаңарту бағдарламасы жүзеге асуда. Бұл жобаның бір бөлігі Дүниежүзілік банк арқылы қаржыландырылуда.
Қырғызстан: Бішкектегі жаңа үйлер су тасушыларға тәуелді
Бішкекте 2023 жылы 1,1 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл 2000-жылдармен салыстырғанда едәуір көп. Алайда оңтүстік аймақтардағы жаңа құрылыстардың 15%-ы орталық су жүйесіне қосылмаған, сол себепті тұрғындар тасымалданған суға тәуелді.
Сумен қамту жүйесіндегі ең үлкен мәселе совет дәуірінен қалған ирригациялық желілердің 60–80%-ға дейін тозуы. 2023 жылы Қырғызстан Ауыл шаруашылығы министрлігінің дерегінше, елде су тасымалы кезінде 35% көлемінде су жоғалуы тіркелген.
Электр энергиясы бойынша да қиындықтар бар. 2022 жылғы өңірлік блэкаут кезінде Бішкекте бағдаршамдар істен шығып, көлік коллапсы орын алған болатын. Қалада жаңа қосалқы станциялардың құрылысы тек 2024 жылы басталды, олардың іске қосылуы электр желілерінің қуатын 15%-ға арттырмақ.
Тәжікстан: Су мұздықтарға, жарық Рогун ГЭС-іне тәуелді
2023 жылы Душанбе қаласында 0,8 млн шаршы метр тұрғын үй салынды. Бұл көрсеткіш бұрынғы жылдармен салыстырғанда өсіп келе жатқанымен, инфрақұрылым әлі де әлсіз.
Сумен қамту жүйесі мұздықтардың еруіне тәуелді болғандықтан, жаз мезгілінде судың жетіспеушілігі жиі кездеседі. 2024 жылдың жазында Душанбе қаласындағы жаңа тұрғын үй кешендерінің 22%-ында су тапшылығы тіркелді.
Электрмен қамту мәселесі де өзекті. Елдегі электр энергиясының 85%-ы гидроэлектростанциялардан алынатындықтан, қыста су деңгейінің төмендеуі электр тапшылығын туғызады. 2024 жылдың қысында жаңа аудандарда жарықты кезең-кезеңмен өшіру (веерлік ажырату) тәжірибесі қолданылды. Сонымен қатар, 2023 жылы Душанбені Рогун ГЭС-імен байланыстыратын жаңа электр желісі іске қосылды, бұл ішінара мәселені шешуге мүмкіндік берді.
Құрылыс өркендегенімен, тіршілік сапасы төмендеуде
Орталық Азиядағы құрылыс қарқыны өңірдің урбанизациясы мен экономикалық дамуына үлкен үлес қосып отырғанымен, инженерлік инфрақұрылым мәселелері оны тежей бастады. Су мен электр тапшылығы тұрғын үй сапасын төмендетіп қана қоймай, әлеуметтік наразылық пен экономикалық шығындарға әкелуі мүмкін.
Тұрғындар үшін күнделікті шығынның артуы мен қолайсыздықтың көбеюі. Суды сатып алу ай сайынғы шығынды 10–15%-ға арттырады, ал жарықтың өшуі қыс мезгілінде жылусыз қалу қаупін туғызады.