Десе де, көптеген елдерде, суды басқарудың институционалды жүйелері әлі жолға қойылмаған, немесе мүлде жоқ. Жаһандық жылыну кезінде құрғақшылық жиілеп барады. Сондықтан су мәселесі өте өзекті болып отыр. Сaravan.kz медиа порталы АҚШ-тың тәжірибесін мысалыға алып, Қазақстанмен салыстыруды жөн көрді. Үкімет қандай сабақ алуы керек? Қарастырып көрейік.
XXI ғасырда фермерлер үшін ең басты ресурс – су. Су - табиғи игілік емес, толыққанды капитал. Онсыз егіс те, өнім де мүмкін емес. Климаттың өзгеруі, құрғақшылық пен жауын-шашынның тұрақсыздығы жағдайында жер асты суларына қолжетімділік ауыл шаруашылығының тұрақтылығы үшін шешуші факторға айналды.
Мысалы, АҚШ-та су құқығы әлі заңдастырылмаған. Жер асты суларын кез келген адам қолдана алады. Салдарынан су сарқылып, шығындардың өсуіне және қақтығыстарға алып келеді.
Осы себепті АҚШ-та жер асты суларының басқару жүйесін институционалды реформалау басталды. Аталмыш реформа Қазақстан үшін маңызды сабақ дейді сарапшылар. АҚШ үлгісі біз сияқты құрғақшылық, суармалы егіншілік және суға еркін қолжетімділік мәселелері өткір тұрған елдер үшін де өзекті.
Суармалы ауыл шаруашылығының эволюциясы: АҚШ тәжірибесі
XX ғасырдың ортасына дейін АҚШ-та ауыл шаруашылығының көзі – өзендер, көлдер мен су қоймалары секілді жер үсті сулары болды. 1940-жылдардан бастап жер асты сулары қарқынды қолданыла басталды.
АҚШ-тың құрғақ батыс өңірлеріндегі фермерлер жаппай артезиан құдықтарын пайдалана бастады. Жер асты сулары олар үшін “сақтандыру резерві” ретінде қызмет етті. Құрғақшылық жылдары да егін егуді жалғастыруға мүмкіндік берді.
Жер асты суларын еркін әрі мол қолдану бірқатар қиындықтарға әкелді. Яғни ешкім бақыламады, кім қанша алғысы келсе, сонша суды алды. Нәтижесінде:
• қорлар сарқыла бастады;
• суды тарту құны күрт өсті;
• жер асты суларының деңгейі төмендеді;
• топырақ беті шөгіп, сапасыз су көбейді;
• егін өнімділігі азайды.
Бүгінде АҚШ ауыл шаруашылығының 80%-ы жер асты сулары есебінен қамтамасыз етіледі. Әсіресе Калифорния, Аризона және Небраска сияқты ауыл шаруашылығы дамыған штаттарға тән.
Алайда жер асты сулары – институционалды жағынан әлсіз. Тиісті құқықтық және басқару жүйесінің болмауы жағдайды күрделендіреді.
Мысалы:
• Әр фермер мүмкіндігінше көп су соруға тырысады, себебі ресурс уақытша ғана қолжетімді болуы мүмкін;
• Бұл жағдай сорғы жабдықтарына шығынды арттырады;
• Су деңгейінің түсуі -тереңірек бұрғылауды қажет етеді;
• Су көзі ортақ көршілер арасында жанжалдар туындайды;
• Соңында жер құны күрт төмендейді.
Яғни, су өзінің капиталдық маңызын жоғалтып, мүдделер қайшылығына толы даулы ресурсқа айналады.
Калифорниядағы реформа (SGMA)
2014 жылы Калифорния штаты Жер асты суларын орнықты басқару туралы заңды (SGMA) қабылдады. Бұл реформа келесіні қарастырды:
• Жергілікті су реттеу агенттіктерін (GSA) құру;
• Су алуға лимиттер орнату;
• Су қорларын тұтыну мен қайта толтыру арасындағы балансты кезең-кезеңімен қалыптастыру.
Бағалау бойынша, су алу көлемін бір акр-футқа (шамамен 1235 м³) азайту, реттелетін аумақта жер құнын 55%-ға дейін төмендетеді.
Cуды капитал ретінде тану уақыты келді
Қазақстан да осындай қиындықтарға тап болуда:
• өзендердің ағыны төмендеуде;
• оңтүстік және батыс өңірлерде жер асты сулары шамадан тыс пайдаланылады;
• су қорларын басқарудың нақты институттары жоқ.
АҚШ-та мәселе жер құнының төмендеуімен көрінсе, Қазақстанда суармалы аймақтардың жойылу қаупімен сипатталады. Талдықорған, Шардара, Ақтөбе өңірлерінің мысалдары жер асты суларына бақылаусыз қолжетімділік экология мен азық-түлік қауіпсіздігіне нақты қауіп төндіретінін көрсетіп отыр.
АҚШ тәжірибесінен үйренуге болатын 3 маңызды сабақ
1. Суды экономикалық актив ретінде тану
Су – жай ғана табиғи ресурс емес, жер секілді құнды актив. Оны басқаруға құқықтар, нормалар және бақылау жүйесі қажет.
2. Су округтерін (GSA) құру
Жергілікті деңгейде фермерлердің қатысуымен жұмыс істейтін агенттіктер – айқын квоталар, техникалық мониторинг және инклюзивті басқару жүйесі.
3. Ұзақмерзімді өтемақы тетіктері
Қысқа мерзімді шығындарды өтеу үшін субсидиялар, салықтық жеңілдіктер және тәуекелді сақтандыру жүйесі қажет.
Егер су қолжетімсіз болса, ол тек өнімділікке ғана емес, инвестицияға да, геосаясатқа да әсер ететін факторға айналады. Нақты институттар мен нарықтық тетіктерсіз су көлеңкеге кетіп, жанжалдың және жердің құнсыздануының көзіне айналады. АҚШ тәжірибесі институционалды реформалардың қажет екенін көрсетті. Басқа жол жоқ.
Қазақстан су мол елміз деген иллюзиядан арылу керек. Су ресурстарына капитал ретінде қарап, оларға құқық, ереже, есеп және басқару қажет екенін түсінудің уақыты келді дейді мамандар.