Оралда болған оқиғадан бір видео әлеуметтік желіде тарады. Бейнекөріністе әскери комуфляж киген бір ер адам сумен ағып барады, әупірімдеп құтылды, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.
Бұл туралы Марғұлан Сейсембай да жазды.
"Су тасқынымен күрес кезінде алғашқы шығынға тап болдық. Оралда су дамбаны бұзып кетті. Құтқару операциясы кезінде менің жол талғамайтын көлігім толқынның астында қалып, суға батып кетті. Бірақ адам өмірінің жанында техникалық шығындар ештеңе де емес. Бәрі де аман-есен болады деп үміттенемін", - деген еді ол.
Апат аймағында қалған жұрттың түсінігі түсініксіз боп тұр маған - жолындағының бәрін жайпап келе жатқан судың хабарын естіп отырып, үйінен шықпай отырып алу дегенді қалай ұғуға болады?, - деп жазды журналист Алмас Алтай.
Бұл деген кішігірім қастандық қой. "Шық, көш, судың астында қаласың" деген бұйрықты естиді, тыңдамайды. Сосын жаны алқымға келгенде "өлдім, мені құтқар" деп әдрісін айтады.
Оған арнайы құтқарушы бөлімше шығады, қайық, арнайы құралдар керек. Ең кемінде үш-төрт қайратты құтқарушы жігіт керек.
Ал, әуел баста бұйрыққа бағынып, үй-жайды Құдайға тапсырып, шығып кеткенде өздері де, жұртты да әлекке салмай, "құдая тоба" деп эвакуациялық пунктте жатпас па еді?
Бір қолын екі ете алмай жатқан құтқарушылар жұртта қалған біреулерді құтқаруға бөлінбей - тегіс бөгет соғуға, құм тасуға, қапшық қалауға жұмылмас па еді?
Жауапкершілік ортақ. Ол тұрғынға да, құтқарушыға да бірдей. Ресми хабар шықты ма, жалпы жар шашылды ма - орында!
Су сәт санап көтеріліп келе жатқанда, жұмысшы күші жетпей жатқанда - бір жеңнен қол шығарып, жұмысын жеңілдетудің орнына бүйректен сирақ шығарып, "мені құтқар" деп жатқандарды көріп күйіп кетесің!
Кеше Оралда жүргенде саяжайда полициямен бірге жүрген Ұлттық Ұлан жасақтарын көргенбіз - бұйрыққа бағынбаған тұрғындарды мәжбүрлі түрде айдап шығу керек, басқа жол жоқ.
Өйткені, дүниеның орны толар - адам өлсе, мәңгі қара таңба ғой!
"Фото кеше Оралда, Жайық өзенінің жайылмасында түсірілді. Ту сыртымдағы төбесі қылтиып тұрған үш үй - Оралдағы ең мықты, сәулетті, қымбат демалыс базасы болған екен..."- деп аяқтады журналист.