Су тасқынынан кейін 13 мыңнан астам отбасы мемлекеттік қолдауға ие болды, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.
«Атырау, Батыс Қазақстан, Қостанай, Солтүстік Қазақстан және республиканың басқа да бірқатар облыстарының тұрғындары арнайы құрылған өңірлік комиссияларға тиісті өтініштер беріп келеді. Бүгінгі таңда 22 475 өтінім қабылданды. Биылғы 29 сәуірдегі жағдай бойынша 13 259 отбасы 4,8 млрд теңгеден астам сомаға 100 АЕК мөлшерінде біржолғы төлем алды. Мал шығыны үшін төленетін өтемақы көлемі 278 млн теңгеге жетті», - деп хабарлайды Үкіметтің баспасөз қызметі.
Дереккөзіне сүйенсек, су басқан өңірлерде 3 956 тұрғын үй тексеріліп, 2649 нысан бағаланған.
524 үйді жөндеу үшін үкімет 670 млн теңгеден астам қаржы бөлінді.
«Шығынды өтеу жалғасып жатыр және Үкіметтің қатаң бақылауында. Президент тапсырмасы бойынша зардап шеккен азаматтардың барлығына жан-жақты көмек пен қолдау көрсетіледі», - деп хабарлады баспасөз қызметі.