Су тасқыны: Орал халқы бұрын соңды оқылмаған намаз түріне жығылды

Орал қаласындағы Батыс Қазақстан облыстық орталық мешітінде топан су қайтып, халық зардап шекпесін деген мақсатта «Қажет намазы» оқылды, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы Azattyq Ruhy-на сілтеме жасай отырып. 

Мүфтияттың ресми сайтындағы мәліметке сүйенсек, Қазақстанда бұған дейін «Қажет намазы» оқылмаған екен. 

«Бұған дейін елімізде «Қажет намазы» оқылмады. Ел басына түскен қиындықты жеңілдету мақсатында оқылған намазға жамағат көп жиналды. Жалпы қажет намазы аты айтып тұрғандай, бір нәрсені қажет етіп тұрғанда, бір нәрсеге көмек қажет болғанда жаратқаннан алақан жайып сұралатын құлшылық түрі», - деп жазады Қазақстан мұсылмандарының діни басқармасы. 

Батыс Қазақстан облысының бас имамы Самат Әлібаевтың айтуынша, батыс өңірінде де «Қажет намазы» алғаш рет оқылған.

«Елімізде болып жатқан су тасқынына жаратқан жеңілдік берсін. Осындай да ел болып, бір-бірімізге жәрдемдесуіміз керек. Қазақстан мұсылмандар діни бамқармасы қиын сәтте қол күшімен де азық-түлікпен де көмектесуде. Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы да ел амандығын тілеп дұға оқуда. Батыс Қазақстанда қажет намазы алғаш рет оқылды. Бұл намазда жамағат болып, елге жеңілдік сұрадық. Сондай-ақ көпшілікті жаға бойын биіктетіп, тасқынға тосқын болуға шақырдық», – дейді БҚО бас имамы Самат Әлібаев.

Сонымен қатар ел амандығы үшін құрбан шалынғаны хабарланып отыр.