Су-27 апатына әскер қолбасшылары жылап тұрып кешірім сұрады

Бұл екеуі де табытта емес, әлі де әскери техниканың тізгінінде отыруы керек еді. Өзінен кейінгілерге ұшуды үйретіп, әлі талай рет әуені бағындыруы керек болатын. Бірақ қос қыран қапыда кетті. 

Жәнібек Мирашұлы, Ақтау әуе базасының командирі:

-23-ші қыркүйек біздің есімізде, жүрегімізде, тарихымызда қалатын бір күн деп есептеймін. Өйткені олар ұшу-жаттығу кезінде жерде жүрген адамдарды қорғаймыз деп құлап бара жатқан ұшақты әрі әкетіп, өздері қаза болды.

Командирлері мен штаб бастықтарын ақтық сапарға шығарып салуға №21751 әскери бөлімі, тіпті, әуе қорғанысы күштерінің басшыларына дейін  жиналған. Ұшқыштарды бұрын-соңды танымаса да, бірақ апат туралы естіген қарапайым халық та таңсәріден бастап Талдықорғандағы мәдениет сарайына жан-жақтан ағылды. 

Ал бұл қоштасудың соңғы сәті. Марқұмдар бір кездері өздері қорғаған көгілдір аспан түстес ту жесірлеріне табыс етіліп, жауынгерлердің құрметіне аспанға үш рет оқ атылды.    

Бұл күні Науанов мен Горбуновтың қазасына бүкіл Талдықорған қайғырды. Қос бірдей қаруласын қара жерге қимаған әскерилер табыттарын бірнеше сағат бойы қала ішінде жаяу көтеріп алып жүрді. 37 жастағы әскери бөлім командирі Ерлан Науанов туған жері Талдықорғанда жерленсе, екінші ұшқыштың денесі де туған жері Қостанайға жеткізілді.     

Әуежайға ұлын емес, мәйітін қарсы алуға келген Горбуновтың анасына мырыш табытпен бірге, көзі тірі кезінде төсіне таққан медальдары табысталды. Қайғыдан қан жұтқан отбасының алдында, тіпті, әскер басшылары да көз жасына ерік берді.


Нұрлан Кәрбенов, Әуе қорғанысы күштерінің бас қолбасшысы:

-Олардың катапультпен секіріп кетуге мүмкіндіктері болды. Бірақ олар елді мекен тұрғындарын жарылыстан аман алып қалу үшін өз өмірлерін қиды. Ұшқыштар өлмейді. Олар аспанға ұшып кетті. Командир ретінде оларды сақтап қала алмадым, кешіріңіздер.

Осылайша, қос ұшқыштың орны ойсырап қалды. Олар авиабазаға дейін небәрі 75 шақырым ғана жете алмай қалған. Ал апат себебі әлі белгісіз.