Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, 13-ақпанда "Балық өнеркәсібі" ЖШС-нің балықшылар бригадасының 15 адамы "Уаз" автокөлігімен суы қатқан көл бетімен жолға шыққан. Бес адам көлікке сүйретпе ретінде тіркелген шанада отырған. Жолай мұздың астына түсіп кеткен шана өзімен бірге автокөлікті де ала кетті. Соның салдарынан бес адам суға батып кетті. Төрт адамның мәйітін балықшылар судан шығарып алды. Ал бесінші адамның денесін ҚР төтенше жағдайлар жөніндегі министрлігінің судан құтқару қызметі іздестірді. 16-ақпанда 30 жастағы балықшының мәйіті табылды.
Осы оқиғаға байланысты Алакөл аудандық ІІБ бригадирдің үстінен ҚР Қылмыстық кодексінің еңбек қорғау ережелерін бұзу салдарынан абайсызда адамды өлімге душар ету жөніндегі 152-бабы, 2-тармағына сәйкес қылмыстық іс қозғады.