Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Hit-Tv арнасының "Менің өмірім" бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
"Бірінші маусымда Рауза өліп қалған еді. Екінші маусымда солай болып қалса, тек оны еске алу ретінде болса екен деп ойладым. Бір жағынан, сатқын сезіндім. Кино Рауза туралы болған соң, аяқтан шалған сияқты болдым.
Баян Мақсатқызы ренжіді", - дейді Жарқынай.
Айдар Асқарбек сериал алаңында КешYou-дің қазіргі әншісі Наргиз Алтайбаймен сүйіскен. Мұны білмеген Жарқынай экраннан көргенде қатты таңырқаған. Бұл туралы талай сұхбатында айтып та жүр.
"Жаз кездерінде Айдар түсірілімде жүрді, менде аздау болды. Мен сценарийді толық көрдім, түсіністікпен қарадым. Бірақ Айдардың ақылы бар, мені болмаса да, Айлананы ойлап, қатты ашық сахналарға бармайтын шығар деп ойладым.
Қызғаныш емес. Мен құрметсіздік көрдім. Егер ол менің алдымнан өтіп, өмірде қарым-қатынасымыз жақсы бола тұрып, алдын ала келісілсе, көз жұма салуға болады. Өзім де актрисамын, білемін ғой, ең бастысы жүрекпен бізбен бірге", - дейді Жарқынай.
Айтуынша, жеке өміріндегі қиыншылықты продюсеріне жеткізгенде ол (авт. Баян Мақсатқызы) жұмыспен араластырмауды сұраған. - Алайда сол сахнаны көргенде, менен бөлек, анам да, құрбыларым да қатты таңғалды, дейді актриса.
"Құрбыларым да, анамның өзі де біртүрлі болып қалды. Голливуд жұлдызы болмағаннан кейін, бұл қазақ сахнасы болғаннан кейін, көрермен Рауза мен Сакураны көргісі келеді. Құрметті режиссер, егер сүйісу сахнасын көргісі келсе, неге Рауза мен Сакураны сүйістірмеді?
Мен де сүйісіп беретін едім, әсіресе, өзімнің күйеуіммен. Қайын атам көріп, бүкіл Қазақстан талқыласа да, ең бастысы, өз күйеуіммен сүйісіп жатырмын. Актриса ретінде тапталып қалдым. Не үшін Рауза тірілді, орынсыз жүрді. Сүйістің атасын көрсететін едік. Ер кісілердің басы кететіндей сахна жасап беретін едім", - деп ренішін білдірді ол.
Жарқынай болған жағдайдан кейін күйеуімен ашық сахнаға түскен актрисаға хабарласып, ренішін айтқан. Бір қызығы, ол Жарқынайдың өзіне кері жауап берген.
"Ол қызды білемін, Академияда бірге оқығанбыз. Өте тәрбиелі, сұлу. Сырттай бағалап, сүйсініп отыратынмын. Түсірілім алаңында сол қыз болғандықтан, ешқандай күдіктенген жоқпын. Айдардың жары кім екенін, қалай қосылғанымызды біледі.
"Қазақтың қызысың. Неге бір ауыз алдымнан өтпедің?" - дедім. Ол маған: "Сендердің қарым-қатынастарыңда бір жылдан бері де проблема болып жатыр екен ғой. Айдар онсыз да сенімен ұрсып жүр ғой. Неге мені кінәлап тұрсың?", - деді. Шыны керек, күткен жоқпын.
Ең бастысы, мен - оның әйелімін, қызымыз бар, ажырасқан жоқпыз. Ұрысамыз ба, өзіміз білеміз, бүкіл Қазақстанға оны айтқан жоқпыз", - деді Жарқынай.
Жарқынай Айдармен ресми түрде ажыраспағанын, некелеріне әлі нүкте қойылмағанын жеткізді. Барлығын уақыттың еншісіне қалдырды. Бірақ:
"Кешірім сұраған адам болса, кешіремін. Түсінгенім, Айдарға қазір шығармашылық маңызды", - деді ол.