Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы Sputnik Қазақстан-ға сілтеме жасап хабарлайды.
Нұр-Сұлтан қаласы инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы басшысының орынбасары Гүлмира Ермолдина күнбағыс майы бағасының неге шарықтап кеткенін түсіндірді.
Оның айтуынша, сұйық майға қатысты жағдай бүкіл республика бойынша қадағаланып отыр.
"Шикізаттың тапшылығына байланысты сұйық майдың қымбаттауы көрші мемлекеттерде де байқалады. Бірақ біз былтырдан бері фьючерстік келісімшарттар бекіттік, соның ішінде сұйық май бойынша да. Жеткізушілердің біреуі дәл осы бағытта жұмыс істейді. Қазіргі таңда ол сұйық майдың бір литрін 460 теңгеден сатып жатыр", – деді Ермолдина брифингте.
Сондай-ақ, ол барлық жерде сұйық май қымбаттағанын ескере келе, бұл өте жақсы баға екенін атап өтті.
"Бізде бағаларды бақылайтын статистика органы бар. Аталған жеткізуші тауарды, тек белгілі бір сауда орындарына ғана жеткізетіндіктен, басқа сауда орталықтарында нарықтық себептерге байланысты баға өсіп жатыр. Сол себепті статистика органдары орташа бағаны тіркейді", – деп түсіндірді басқарма басшысының орынбасары.
Айта кетейік, бұған дейін қазақстандықтар күнбағыс майының бір литрі 650-700 теңгеге дейін қымбаттап кеткеніне шағымданған болатын.