Сұлулық салонында жұмыс істеуге бола ма?

Бұл туралы Caravan.kz медиа-порталы islam.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды. 

Бүгінде әйел қауымының ашық-шашық киініп, бүкіл әдеміліктерін сыртқа паш етулері әдетке айналған заманда, сұлулық салонында мұсылман әйелдің жұмыс істеуін көпшілік дін мамандары құп көрмейді. Сондықтан да, алдымен өзге салалардан жұмыс қарастырып көргеніңіз абзал деген ойдамын.

Дегенмен, жұмыс табылмай, сұлулық салондардың бірінде жұмыс істеуге тура келсе, ондағы дінге қайшы келмейтін қызмет түрлерін жасап, ал қас жұлутатуаж жасау деген сияқты дінімізде ашық харам саналатын қызмет түрлерінен мүмкіндігінше ұзақ тұрғаныңыз жөн.

Шариғатқа қайшы келер қызмет түрлері мыналар:

1. Қас жұлу[1],
2. Татуаж,
3. Лифтинг,
4. Шугаринг жасау 
5. Татуировка салғызу т.б.
   

Шариғатқа терістігі жоқ қызмет түрлерінің кейбірі төмендегідей:  

1. Маникюр және педикюр. Аяқ пен қолдың күтімі саналатын педикюр мен маникюрдегі - тырнақ алу, тырнақты жылтырату (полировка), аяқ-қолға массаж жасау, крем жағу, өкшенің жарылғанын кетіру деген сияқты қызмет түрлерінің дінге терістігі жоқ. (Лак жағу - дәрет пен ғұсылға кедергі келтіретіндіктен рұқсат жоқ). 

2. Шаш күтімі.
 Шаш жуу, шашты қысқарту, шашты тегістеу, шаш үлгісін жасау, шашты бояу, шаш жалғау (ханафи ғалымдары бойынша, жасанды шашты жалғауға рұқсат), түсіп қалған шаштың орнына шаш егу т.б. Бұлар негізінен алып қарағанда рұқсат етілген істер. (Әйткенмен, кей ғалымдар шашын жаппайтын әйелдің күнәсі - шаш үлгісін жасап берушіге де жазылады деген). 

3. Массаж. Беттің массажы, аяқтың массажы (тізеден төмен), қолдың массажы, бастың массажы, мойын массажы т.б.

4. Косметология. Бетке крем жағу, бетті безеу сияқты әртүрлі оғаш нәрселерден тазалау, беттегі артық түктерді жұлу, өскен қасты қысқарту, екі қастың ортасындағы түктерді жұлу, қынамен қолға сурет салу (мехенди – әсіресе, тұрмыстағыларға), маска жасау т.б.

Ең дұрысы - Аллаға мәлім! 


[1] Көзге ерсі көрінетіндей тым қалыңдап кеткен қасты реттеп қоюға болады.

Абдусамат Қасым