Супервелодода «Вуэльта» отандық клуб «Астана» үшін жемісті басталды

Екінші кезеңде   велокреуен 177 шақырымдық жарыс жолын артқа тастады. Жол-жөнекей бірінші дәрежелі асуды басып өткен көптің арасынан  ирландиялық  велошабандоз Николас Роч ерледі. Жеңімпазға 14 секунд ұтылған «Астананың» капитаны  Винченцо Нибали, екі кезеңнің нәтижесі бойынша  жалпы есепте көш бастады. Екінші орынға испаниялық Даниэль Морено жайғасса, алғашқы үштікті әзірге италиялық Доменико Поцциво түйіндеп тұр.   «Астана» сапындағы тағы бір италиялық жампоз Паоло Тиралонга генералдық тізімде 12 орында келеді.

 

 

Шайбалы хоккейден Қазақстан кубогы жолындағы ақтық сында Көкшелік «Арлан» мен Павлодардың «Ертісі» кездесетін болды.  Финалға жол ашқан Теміртаудағы матчта павлодардың «Ертісі» жергілікті «Арыстанның» алдын орап кетті.

Шиеленісті өткен матчтың бірінші кезеңінде  оңтайлы сәтті ұтымды пайдаланған  Сергей Палкин алаң иелерін алға шығарды. Бірақ теміртаулық жанкүйерлердің қуанышы екінші кезеңде су сепкендей басылды. Біртіндеп ойын тізгінін қолға алған қонақтар шешуі кезеңге дейін   қос гол салып үлгерді. Мартин Хьюс таразы басын теңестірсе, Андрей Недорост есепті еселей түсті.  Кездесудің үшінші бөлігінде  екі жақтың да қанжығасы  майланғанымен жеңіс «Ертістің» еншісінде кетті.  Сонымен ертең өтетін ел кубогының  финалында  «Арлан» мен «Ертістің» бәсекесін тамашалайтын боламыз. 

 


 

Бүгін Нью-Иоркте  теннистен АҚШ тың ашық чемпионаты жалауын көтереді.  Жүлде қоры 25 млн доллардан асып жығылатын турнирде  біздің теннисшілер де  өнер көрсетеді.

Еліміздің бірінші ракеткасы Галина Воскобоева бірінші айналымда румыниялық Моника Никулескумен кездеседі. Ал, Ярослава Шведоваға  соқыр  жеребе ресейлік Ольга Пушкованы қарсы қойыпты. Әлемнің үздік теннисшісі  Серена Уильямс өз еліндегі алғашқы бәсекеде италиялық Франческо Скьявонені сынға алады.  Дүбірлі додаға екінші нөмірмен терілген беларусь теннисшісі  Виктория Азаренко германиялық Дина Пфиценмайермен күш байқасады. Ескі жарақаты сыр берген  әлемнің үшінші ракеткасы Мария Шарапова биылғы додаға қатыспайды.