Оның айтуынша, сүт безі қатерлі ісігі дерті оған жиі шалдығу жағынан соңғы үш жыл бойы онкологиялық аурулар ішінде бірінші орында келеді.
«Қазақстанда жылына 3800-4000 жуық әйелге тұңғыш рет сүт безі қатерлі ісігі диагнозы қойылады. Күніне шамамен 10 әйел, дәлірек 10 жанұя, отанасының немесе сол үйдің қызының, әжесінің сүт безі қатерлі ісігіне шалдыққаны жайлы жағымсыз хабар естиді. Сондықтан, бұл дерт соғы жылдары өзекті мәселелердің біріне айналуда,- деді А. Жылқайдарова.
Сондай-ақ, Алма Жәлелқызы сүт безі қатерлі ісігін алдын алуда скринингтік дәрігерлік тексерулердің маңызды екендігін айтты.
«Қазір елімізде «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы жүзеге асырылуда. Соның аясында 2008 жылдан бері Скрининг бағдарламасы жүргізіліп келеді. Ал оған дейін елімізде жылына 3000 жуық сүт безі қатерлі ісігі анықталып жүрді. Ал оның бірінші және екінші сатысының үлестік салмағы 67 пайызды құрайтын. Ал қазіргі таңда жылына 3800-4000 сүт безі қатерлі ісігі анықталатын болса, бірінші және екінші сатыларының үлестік салмағы 77 пайызды құрайды» - деді А. Жылқайдарова.
Айта кетелік, қазіргі таңда Қазақстанда онкологиялық аурулардың алты түрі бойынша скринингтер жүреді. Олар: сүт безі қатерлі ісігі, жатыр мойны, колоректальды, өңеш және асқазан, қуық асты безі және бауыр қатерлі ісіктері.
2014 жылы жоғарыда келтірілген скринингтер бойынша жалпы 2 331 247 тексеру жүргізіліп, 2021 адамға қатерлік ісік дерті диагнозы қойылған. Демек, бұл 1000 адамның біреуінен қатерлі ісік табылып отыр деген сөз.