Әлемнің екі дүркін чемпионы, ауыр атлетикадан Қазақстан әйелдер құрамасының көшбасшысы Светлана қазіргі уақытта Олимпиада ойындарына дайындалуда. Спорт әлеміндегі ең басты оқиғаның басталуына 40 күн қалды.
С.Подобедова Ресейдің Зима қаласында дүниеге келген. Ауыр атлетикаға туған қаласында жастайынан ден қоя бастаған. Алайда ең басты жетістіктерін ресейлік спортшы Қазақстан құрамасында жүріп қол жеткізді. Еліміздің азаматтығын алған ауыр атлетші Алматы облысы атынан шығып, Түркияда өткен әлем біріншілігінде «алтын» әкелді. Сонымен қатар Оңтүстік Кореяда өткен әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы ұтып алған 4 алтынның бірін осы Светлана қоржынға салған болатын. С.Подобедова соңғы Парижде болған әлем чемпионатында күміс олжалады. Биыл ол 26 жасқа толып отыр. Қазіргі уақытта зілтемірші қыз Алматы облысы Қаскелең қаласында тұрып жатыр. Тұрмыс құрмаған. Оның жеке бапкері - Алексей Ни. 75 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсетеді. Спортшының бойы - 165 см. 2010 жылы қазақстандық ауыр атлет «Ғаламшардың үздік зілтеміршісі» атанды.
Еске сала кетейік, XXX Жазғы Олимпиада ойындары 27 шілде мен 12 тамыз аралығында Лондонда өтеді. Қазақстан бұл спорт түрі бойынша 5 олимпиадалық медаль жеңіп алуды жоспарлауда. Біздің ауыр атлетшілер олимпиаданың 8 жолдамасын ұтып алды. Мамандардың айтуынша, ұлттық команданың сапында кем дегенде Олимпиада «алтынына» таласа алатын 6 спортшы бар.