Ерболаттың мал шаруашылығымен айналысқанына көп уақыт болған. Екі жыл бұрын «Сыбаға» бағдарламасы туралы естіпті. Ірі қара сатып алуға төмен пайызбен ұзақ мерзімге несие беріледі дегенде қуанған. Оған кепілдік ретінде қолда бар жерін, көлігі мен үйін де қоюды ұйғарды.
Ерболат Ермешеков, шаруа қожалығының иесі:
– Жаңадан келіп жатқан «Сыбаға» бағдарламасы Үкіметтен. Соған қосылып біз оқып-біліп, әкіммен сөйлесіп, құжаттарын жинадық. Бәрін дайындап, қорға барып бағалау жұмыстарын жасадық. Олар қағазымызды қарап, қойған кепіл затыңыз жетпейді деп жұмысты тоқтатты.
Бағдарлама бойынша 1 миллион теңге алу үшін банкке құны 2 миллион теңгеге жуық кепілзат қою керек екен. Бірақ мұндай мүлік шаруалардың қолында жоқ. Ауылдағы кей үйлердің бағасы 200 мың теңгеден аспайды. Ал бір сиырға 150 мың теңге берсе, асыл тұқымды бұқа 400 мыңға бағаланған. Сондықтан бұл жақта шаруаға несие алу арман боп тұр. Мұны атқамінерлер де мойындайды.
Орал Нұрғазин, Қостанай облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары :
–Банктен несие алу үшін белгіленген қаржыдан 70 пайызға артық кепілзат қою керек. Әсіресе, шалғай аймақтарға қойылған шарт осындай. Ол жақта не бар дейсіз? Үйлердің бәрі ескі, бағасы арзан.
Бастапқыда көпшілікке үміт сыйлаған «Сыбаға» бағдарламасы атына заты сай болмай тұр. Бұл тұрғыда шаруалар мен шенеуніктердің пікірі бір. Төрт түлікті көбейтемін деушілерге несие беру шарттары қайта қаралса, облыста мал басы үш есеге артар еді дейді олар. Бірақ Үкіметте осыны елеп-ескерер жан табылмай тұр.