"Сындырып тастаймын": Мұхит Амантаев пен бетіне юбка лақтырған "Мотиватор" Әнуарбектің жекпе-жегі қашан болады

Атыраулық файтер Әнуарбек Бекембетов танымал бокс бапкері Мұхит Амантаевтың шәкіртімен жаттығу барысынан жариялаған видеосына сын айтқан еді. "Мотиватор" лақап атымен танымал Әнуарбек Мұхит Амантаевқа "шәкірттеріңді ұрғанша, мықтылармен шайқас" деп кеңес берді. Енді олардың арасындағы дау-дамай үлкен жекпе-жекпен аяқталуы мүмкін, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы "Бірінші бол" You Tube арнасына сілтеме жасап.

Мұхит Амантаев қомақты қаражат төленсе, шаршы алаңда шоу көрсетуге дайын екенін жасырмады.

"Әнуарбек бәрін өзі бастады. Сөздің қысқасы, қазіргі уақытта барлығы менің атымды пайдаланып хайп жасағысы келеді. Егер, хайп жасағылары келсе, соған лайықты бағаны төлесін. Мен шоу көрсетіп беремін. Қазір маған ұсынып жатқан ақша мені қызықтырмайды. Мен сұрап жатқан соманы берсін. Қазір 20 миллион ұсынып жатыр. Оны екі адамға бөлмекші. Бұл - Әнуарбекке үлкен мүмкіндік. Бірақ, мен оның деңгейіне түсе алмаймын", - дейді ол.

Ал, Әнуарбек физикалық жағынан Мұхит Амантаевтан әлдеқайда мықты екенін, жекпе-жек болған жағдайда еш қиындықсыз жеңіске жететінін айтты.

"Мен жарыстарға шығып жүрген боксшымын. Мұхит ерте қартайып кеткен, формада емес. 2023 жылы Мұхитқа залда бірге 6 раунд спарринг жасайық деп жаздым. Залға барсам, 3 раунд болады деді. Оның шәкірттері қарап тұр. Ұят болмасын деп мен жәй жасадым, менен тіпті тер шықпады. Мен Мұхитты физикалық жағынан сындырып тастаймын. Бұл жекпе-жек қазір барлық ТМД елдеріне қызық болып жатыр", - дейді ол.

Сұхбат барысында Әнуарбек Бекембетов Мұхит Амантаевтың бетіне юбка лақтырды.

"Клоун дейсің ғой, міні саған клоун. Мынаны киіп ал, саған жарасады. Сен әлеуметтік желіде билейсің ғой, осыны киіп биле", - деді ол.

Қазақстан кәсіпқой бокс федерациясының президенті де боксшыларға 6 раундтық жекпе-жек ұйымдастыруға рұқсат беретінін мәлімдеді.

"Интернет желісіндегі видеоларды көрдім. Көпшілігі жекпе-жек ұйымдастырып бермейсіздер ме деп жазды. Федерация жекпе-жек ұйымдастырмайды, санкция береді. Кейіннен маған Камил Гаджиев хабарласып, интернетте не болып жатқанын көрдің бе, жекпе-жекке санкция бере аламыз ба деді. Егер, олар дайын болса, неге рұқсат бермеске дедім. Маған Камил Мұхитпен сөйлесіп көрші деп өтініш жасады. Мен Мұхит Амантаевпен кездесіп, Камил Гаджиевтің ұсынысын жеткіздім. Мұхит та өзінің талаптарын айтты. Камил әлі де ойланып жатыр", - дейді Рахымжан Ерденбеков.

Айту кету керек, әзірге жекпе-жектің нақты қай күні болатыны белгісіз.