Сыр өңірінің тарихын таныстыруда - Қызылорда облыстық мұражайының рөлі айрықша

Қызылорда облыстық мұражайының мемлекет тарихы бөлімінің аға ғылыми қызметкері Аманкүл Нұржанова бір жолы Жапония ғалымдары келіп, Сыр өңірінің тарихы мен көне мұралары жөнінде көбірек білу мақсатында мұражайды аралап көргенін айтып берді. Сонда жапон ғалымдары өздерін орталық тарихи мұражайдың кіріспе залы, археологиялық қазба арқылы табылған ескерткіштер және халқымыздың этнографиясы қызықтыратынын мәлім еткен.

Ғалымдардың зерттеуінше, Сыр бойында ортағасырлық қырық қала болған. Ел ішінде мынадай сөз бар. «Анау Аралдан шыққан лақ Отырарға дейін үйлердің төбесімен секіріп баратын болған» деген аңыз қалған. Бұл қалалардың көптігін көрсетеді. Еліміз бойынша Оңтүстік Қазақстан мен Қызылорда облысында тарихи қалалар өте көп екені дәлелденген. Мұражайда Сауран қаласының жобасы қойылған. Облыстық мұражайда археологиялық жәдігерлердің ғылыми негізделе түсуіне жас маман, аға ғылыми қызметкер Асхат САЙЛАУ көп еңбек сіңіріп жүр.

«Бұл ортағасырлық қала, сегіз мұнарасы болған осы өңірдегі әсем қалалардың бірі екен. Жыландар қаптаған Жанкент қаласының орны да бейнеленген. Өзім ол өңірде экспедицияда болдым. Жалағаш ауданында орналасқан Бұланды мазары бар. Бұл жер бетінде ең алғаш салынған күмбезді ғимараттырадың бірі болып саналады. Олай дейтін себебіміз, ғалымдардың зерттеуі бойынша бұл нысан осыдан екі жарым мың жыл бұрын салынған. Айталық, Римде біздің заманымыздың бірінші ғасырында салынса, бұл Римдегі ғимараттан 500 жыл бұрын бой көтерген. Бірақ әлі дәлелденбей жатыр. Ол үшін «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы бойынша біраз жұмыстар атқарып, дүние жүзі бойынша бұл алғашқы күмбезді кесене екенін дәлелдеуге әбден болады деп ойлаймын. Бұл мұражайда Сыр бойындағы тарихи қалалардың орнынан табылған керемикалық ыдыстар бар. Бұл ыдыстар біздің заманымызға дейінгі ІХ-VIII ғасырларда жасалған. Жалпы, үш мың жыл болған»,- дейді Қызылорда облыстық мұражайдың археология бөлімінің аға ғылыми қызметкері Асхат САЙЛАУ.