Кездесуде атап көрсетілгеніндей, қазіргі жағдаймен Сырдария ауданында айрықша күрделі ахуал қалыптасып отыр. Өткен екі тәулікте 0,5 метрге көтерілген су бөгетті бірнеше жерде бұзып өту салдарынан егістік алқаптары су астында қалды. Мәселен, қалқымалы көпірден жоғары "Соркөл" учаскесінде қорғаныс бөгеттің 7 метрін су шайып, су жағалауда 1,2 шаршы шақырым аумақты алып кетті. Ал су басқан аумақ елді мекендерге жақын орналасумен бірге бұл жер арқылы темір жол мен Шымкент-Самара бағыттындағы халықаралық автожол өтеді. Жалағаш және Қармақшы аудандарында да бөгеттерді су шайды.
ҚР ауылшаруашылығы министрлігінің су ресурсы комитетінің төрағасы Анатолий Рябцевтің мәлімдеуінше, ахуал бақылау астында. Шардара су қоймасында алдын-ала резерв жасалды. Қазір су қоймасындағы су көлемі 2,8 млрд. текше метрді құрайды. Ал былтыр осы уақытта су қоймасында 4,45 млрд. текше метр су болған.
Қызылорда гидроузелінен төмен жіберілетін су көлемін азайту үшін отырыста сол жағалаудағы магистральді каналды шұғыл ашу туралы шешім қабылданды. Мамандардың пікірінше, бұл секундына 200 текше метр су алуға мүмкіндік жасайды. Сондай-ақ, Шардара су қоймасынан жіберілетін су көлемін секундына 600 текше метрге дейін азайтуға шешім қабылданды. Табиғи апат зардабын жою үшін отырысқа қатысушылар үкіметтен көмек сұрауды ұйғарды.